Әбілязов пен Мәсімов Еуропаны да құртып бітті

none

Қазақстанда жемқорлыққа негізделген авторитарлық жүйенің бір бөлігі болған қашқын олигарх-банкир Мұхтар Әбілязов пен жақында 18 жылға түрме жазасына кесілген бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов Еуропаға парақорлық пен жемқорлық дертін жұқтырып, өздерін репрессия құрбандары етіп көрсетуге күш салып жатыр. БЕЛСАТ журналисті Александр Папко жариялаған ақпарат Қазақстандық экс-шенеуніктердің Брюссельде өз мүддесіне қалай лобби жасауға тырысып жатқанын дәлелдейді. Не себептен оларға Еуропалық Парламент қолайлы? Бұл сұрақтың жауабын Франция-Бельгия журналисті, Еуропалық стратегиялық барлау және қауіпсіздік орталығының президенті Клод Монике және Transparency International EU сарапшысы Шари Хиндс берді.

Жалпы жағдай түсінікті болу үшін, мына ақпаратқа назар аударайық. Ең алдымен, Еуропалық парламенттің заңнамалық бастама көтеру құзыреті жоқ. Құқықтық актілерді Еуроомиссия мен Еуроодақ Кеңесі ұсынады. Бірақ Еуропарламенттің заң шығарудағы рөлі өте маңызды. Еурокомиссия жаңа заңнамалық актіге ұсыныс енгізгеннен кейін, Еуропарламент оған жаңа бөлімдерді қосу арқылы өзгерте алады. Сонымен қатар бұл ашық институт. ЕО Кеңесінің немесе Еуропалық комиссияның өкіліне жүгінуден гөрі, Еуропарламент депутаттарынан көмек сұрау әлдеқайда оңай. Яғни, Еуропарламентке кіруге мүмкіндік бар.

Екіншіден, ол директива мен қаулыларды ұсынбаса да, бұл құжаттарды қалыптастырады. Еуропарламенттің жанында 13 мыңға жуық лобби ұйымы тіркелген. Олардың арасында "Гринпис" сияқты қоршаған ортаны қорғаушылар, кәсіподақтар, сәбіз және сүт өндірушілер бар. Бұл ұйымдарда 30 мыңға жуық адам жұмыс істейді және олар күн сайын Еуропарламентке арнайы бейджик тағып кіреді – депутаттардың бейдждері көк, журналистердікі сары, лоббистердікі қоңыр. Олар не істейді?

Сарапшының түсіндіруінше, Арнайы тізілімде мыңдаған ұйым тіркелген. Мүдделі топтардың өкілдері ретінде 27 мыңнан астам адам тіркелген. Ашықтық тізілімі міндетті емес, бірақ оған тіркелсеңіз, шынымен де Еуропарламентке кіру құқығын беретін бейдж ала аласыз. Онда кездесу, презентация ұйымдастыруға, Еуропарламент депутаттарымен кездесуге болады. Азаматтар мен бизнестің мүддесін білдіретін ұйымдардың ішінде қоғамдық бірлестіктер, зерттеу орталықтары, ғылыми мекемелер және т.б. бар. Бұл адамдар Еуропалық Одақтағы шешім қабылдау үдерісіне қандай да бір түрде ықпал етуге тырысады. Егер лоббизм жақсы реттелсе, ол салауатты демократияның бөлігі болып саналады. Адамдардың саясаткерлерге ақпарат беріп, ықпал жасауға тырысуы қалыпты жағдай. Алайда, кімде-кім заң жобасына қандай да бір өзгерту енгізу үшін депутаттарды параға жығуға тырысса, бұл қылмыс. Сыбайлас жемқорлық лобби қызметімен байланысты болуы мүмкін, бірақ бұл дұрыс лоббиге жатпайды.

Осыған орай "Катаргейт" шуына назар аударайық. "Катаргейттің" мәні мынада: Еуропарламенттің адам құқықтары жөніндегі шағын комитетінің бұрынғы төрағасы Антонио Панцери қазір қызмет етіп отырған саясаткерлерге ықпал ету үшін өзінің бұрынғы таныстарын пайдаланыпты. Ол үкіметтік емес ұйым құрып, еңбекшілердің құқықтарын бұзғаны үшін сынға ұшырағысы келмеген Катар үкіметіне өзінің қызметін сатты. «Катаргейт» деп аталатын коррупциялық жанжалда Қазақстанның ізі де бар. Қазақстан саясаткерлері Еуропарламент депутаттарынан араша сұрапты.

Антонио Панцери Қазақстаннан қашып кеткен олигарх, қазір бұрынғы президент Назарбаев режимін сынап жүрген Мұхтар Әблязовке де өзінің қызметін көрсеткен. Ал Әблязовке Еуропарламент депутаттарының қолдауы не үшін қажет болды?

Антонио Панцери Еуропарламенттен кеткеннен бері лобби жасаумен және парақорлықпен айналысты. Сотта мойындағандай, сыбайлас жемқорлық әрекетке дайындықты 2015-17 жылдары, парламентарий болған кезінде бастаған. Ол 2017 жылы Страсбургте Мұхтар Әблязов пен оның бірнеше досын қазақ диссиденті ретінде таныстырды.

Алайда ол кезде Әблязов Қазақстанда ғана емес, Ұлыбританияда да сотталған болатын. Онда Әбілязов Қазақстаннан алып кеткен 2 миллиард еуроға жуық ақша тәркіленген. Демек, Әбілязов – диссидент емес, алаяқ. Оған Еуропарламенттің қажет болуының себебі – оның Еуропадағы құқықтық мәртебесі өте орнықсыз еді, деп түсіндірді зерттеуші.

Алғашында Әбілязов Англиядан баспана алғысы келген, бірақ ол жерде де түрме жазасына кесілген соң, елден қашуға мәжбүр болған. Одан кейін ол Францияда тұрақтап, сол жерден саяси босқын мәртебесін алуға тырысты. Бірнеше ай бұрын ол жерден де оған саяси баспана беруден бас тартылды. Бәрі түсінікті. Әбілязов Еуропарламентте өзін қылмыскер емес, саясаткер ретінде көрсетуге көмектесетін достар табуы керек еді.

Журналист Кәрім Мәсімовке де назар аударды. Қазіргі кезде Еуропада Мәсімовті қолдау мақсатымен лобби жасап жатқан адамдар бар. Еуропа Кеңесінде лобби бар. Бұл Еуропалық Одаққа ешқандай қатысы жоқ, бірақ моральдық салмағы бар құқық қорғау ұйымы. Еуропа Кеңесі Мәсімовті президент Тоқаев пен Қазақстандағы қазіргі режим тарапынан қудаланып отырған саяси тұтқын деп айтып, оны қорғауға шықты. Құқық қорғау ұйымдарының бұл ұстанымы ақылға қонымсыз. Кәрім Мәсімов деген кім? Ол Назарбаев тұсында, сыбайлас жемқорлық етек жайған тұста премьер-министр болған. Ол президент Назарбаев пен оның төңірегіндегілердің қаржысын жылыстатқан шығар деген болжам бар. 2016 жылдан бастап ол саяси репрессиямен айналысқан, адамдарды тұтқындап, газеттерді жапқан ҰҚК басшысы болды. Ал қазір қоғамдық ұйымдар мен Еуропа Кеңесі бұл адамды саяси тұтқын деп көрсетеді.

Зерттеушінің байқауынша, көп жағдайда Әблязовті қорғаған адамдар қазір Мәсімовті қорғап жүр. Яғни кезінде Қазақстанда жоғары лауазым иелері болған, кейін қандай да бір себеппен "режиммен ұрысып қалған" қазіргі "демократтар" параға жығуға болатын бір "кеңсенің" қызметін пайдаланып жүр. Бес саусақ бірдей емес, алтын көрсе періште жолдан таяды, дейді. Бірақ заң үстемдік құрған Еуропа елдерінде мұндай "схемалар" әшекере болатыны сөзсіз.

Айдары: Дүрбі 28.04.2023 107

Қатысты мазмұн