Әбілязов өзі отырған «бұтақты» кесіп жатыр

none

Қашқын банкир Мұхтар Әбілязов Қазақстандағы жақтастарын күн санап жоғалтып жатыр. Бірінші кезекте бұған оның өзі кінәлі. Ол басқа оппозициялық топтардың лидерлерін «биліктің жобасы» деп ашық айыптауға көшті. Әбілязовтің ойынша, Қазақстандағы саяси күштер мен ақпарат құралдарын билік ықпалына жығып алған. Сондықтан ол өзінің әрбір мәлімдемесінде бәріне күдік тастап сөйлейтін болды.

Қазір Әбілязов үшін негізгі оппонент Қазақстандағы билік тізгінін ұстап тұрған саяси режим емес, оның басты қарсыласы жас саясаткер Жанболат Мамай секілді. Сондықтан ол Мамайдың әрбір мәлімдемесі мен әрекетіне сын айтуды тоқтатпай жатыр. Ол кейде саяси пікірталастың шегінен шығып, Мамайға қатысты «биліктің памперсі» дегенге саятын ұятты сөз қолданатын әдет шығарды. Әрине, ар-намысы қорланған Жанболат Мамай да мұндай кезде аузын ашып қарап қалмайды, ол Әбілязовті «тазша бала» деп мұқатады.

2016 жылғы «Жер митингісі» деп аталатын көше наразылығын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға сотталып, жақында түрмеден босап шыққан атыраулық белсенді Макс Боқаевтың Мамай тобына қосылып кетуіне де Әбілязовтің іші ашиды. Сондықтан болса керек, Боқаев түрмеден шыққан бойда оны әбілязовшілер қатты сынға алып, оның «билікпен ымыраға келіп, диалог жасайық» деген бір сөзі үшін жер қылып, абыройын айрандай төкті. Бұл – саяси күрес тактикасындағы кешірілмес қателік және мұның ат төбеліндей әбілязовшілердің алдағы күресі үшін саяси ауыр салдары болады. Себебі, қаншама сынға ұшырағанмен, Боқаевты қиыр батыстағы үш облыстың билікке наразы жұрты өздерінің көсемі санайды. Олар қазір Боқаевты іске алғысыз қылып тастаған Әбілязовке қатты ренжулі. Әбілязовті қолдамайтындар мен оған қарсылардың қатарына ресми тіркеуі бар ЖСДП белсенділері мен ұлтшыл патриоттық топтарды да жатқызуға болады. Өзіне жоқ жерден жау тауып алған Әбілязов жақтастарын көбейту үшін 8 наурызда Алматыда өткен феминистердің шеруіне қолдау білдірді. Дегенмен, Қазақстанда феминистер саны көп емес, олар көтеріп жүрген мәселені дәстүршіл қазақ қоғамы ылғи терістеп келеді. Феминистер шеруінен кейін оларға қарсы ауқымды ақпараттық майдан ашылды. Феминистерді жақтаушылар да, оның ішінде әбілязовшілер де бар, дәстүршілдердің сынына ұшырады. Бұл да Әбілязовке қарсы сыни пікірді көбейтіп тұр.

Әбілязовтің митингіге қатысты ұстанымы да айқын емес. Егер өзіне оппонент санайтын Мамай секілді тұлғалар әкімдіктен митинг өткізуге рұқсат алса, онда Әбілязов бұл шараны «биліктің саяси жобасы» деген сыңайда теріс баға береді. Феминистердің шеруі де билік рұқсат еткен митинг болатын, бірақ Әбілязов бұл шараны қолдады. Ол 13 наурызға белгіленген адвокаттар наразылығына да тура осындай екіжүзді көзқарас танытып отыр. Бұл да рұқсат етілген митинг, шараны өткізу жөнінде әкімдікке өтініш беріп, рұқсатын алған - адвокат Айман Омарова. Ол Президент жанынан құрылған Ұлттық кеңеске мүше болғанда, оны оппозицияшыл күштер «билікпен сыбайласып кетті» деп айыптаған. Адвокат Айман Омарованың ұйымдастыруымен өткелі жатқан наразылық митингісін аяқасты Әбілязовтің қолдап кеткені оның жақтастарына түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Бұл жағдайды әзірге Әбілязов қазақ қоғамындағы өзіне қарсылықты азайту, саяси тактикада жіберген қателігін түзету деп бағалаймыз.

Шетелде тұрып жатқан Әбілязов пен оның жақтастары жөнінде қазақстандық баспасөз тым аз жазады. Солардың ішінде АҚШ үкіметі қаржыландыратын «Азаттық радиосы» ғана ерекшеленеді. Бұл ақпарат құралы Қазақстандағы әбілязовшілердің сөзі айтылатын жалғыз мінбері еді. Соңғы кезде Әбілязов «Азаттық радиосын» қатты сынап, мінеп жүр. Ол АҚШ қаржыландыратын баспасөзді «НұрАзаттық» деп атап, Ақорданың «ықпалына түскені» жөнінде жиі айтатын болды. Бұл айыптау жөнінде ол мардымды дәлел, жөндем аргумент айтпады. Әбілязовтің бұл ісі өзі отырған бұтақты кесіп жатқан ақымақтың қылығын еске салады. БАҚ белгілі бір алгоритмге негізделіп бағдарланған техникалық құрылғы емес, онда «ет пен сүйектен» жаралған журналистер жұмыс істейді. Әбілязовтің «Азаттық радиосын» айыптауы ондағы журналистердің көңіліне қаяу түсіріп қана қоймайды, бұдан былай олардың әбілязовшілерге іші жылымайды. Бұл жағдай өз кезегінде әбілязовшілердің саяси күресіне теріс әсерін тигізетіні анық.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 11.03.2021 81

Қатысты мазмұн