Әбілязов ақымақ па?

none

БТА банктің ақшасын ұрлап шетелеге қашып кеткен Мұхтар Әбілязов Қазақстандағы парламент сайлауына қатысты позициясын өзгертті. Оның ойынша, оппозицияшыл күштер сайлауға бойкот жариялап, үйінде жатпауы тиіс, шұғыл түрде Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға (ЖСДП) мүше болып кіріп, осы партияға дауыс беруі және осы партия үшін үгіт жасауы керек. Егер ЖСДП Әбілязовтің ойындағыдай дауыс жинай алмаса, «сайлау әділ өтпеді» деген ұран көтеріп, жаппай наразылықты бастап кетуі тиіс екен.

Қашқын банкирдің Парижде жатып алып, елдегі оппозицияшыл күштерге айтқан ақыл-кеңесінің түкке тұрғысыз, орындалмайтын жоспар екенін айтпас бұрын, Әбілязовтің сайлауға қатысты позициясын неге аяқасты өзгерткеніне түсіндірме берейік.

Қазақстанда саяси күрес билік пен оппозиция арасында ғана жүріп жатпағаны анық. Оппозиция ішінде ортақ ұстаным жоқ. Әрине, мұндай жағдай демократиясы дамыған батыс елдеріне де тән. Дегенмен, Қазақстандағы оппозицияның өз ішіндегі саяси бәсекелес саясаткерлердің жеке бас араздығына ұласып, әбден ушығып кеткен. Партиялық тізім бойынша жасақталатын Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізу мерзімі жариялана сала жас саясаткер Жанболат Мамай «Сайлауға - бойкот!» ұранын көтерді. Өте радикал саналатын бұл позицияны Балташ Тұрсымбаевтың «Ел мен жер» қозғалысы, Украинадағы ерлі-зайыпты Садықовтар қолдады. Бұған дейін «кез келген сайлаудың әділ өтпейтінін», «оған қатысудың мәні жоғын» айтып, халықты митингіге, жаппай наразылыққа шығуға үнемі үндеп жүрген Әбілязов еді. Осы жылдың басында бұл позицияға Мамай орнығып алды. Оның үстіне, Әбілязов туралы Мамай жағымсыз пікір айтып, кейде оны «Тазша бала» деп кекетіп қоятын әдет шығарды. Қысқасы, екеуінің бас араздығы ушығып, саяси күндестікке ұласып кетті. Сайлау мерзімі жариялана сала Мамайдың «бойкот» позициясын ұстанғанын айттық. Мұндай жағдайда Мамайдың ұстанымына сай келетін саяси ұран көтеріп шығуды Әбілязов жөн көрмеді, өзіне ар санады, Маймайдың көлеңкесінде қалатындай қорланды, Мамайдың алдын орап кеткеніне іші ашыды. Саяси күрес, саяси бәсекелестік бокс сияқты. Жекпе-жек кезінде эмоцияға салынып, ашу мен ызаның жетегінде кеткен боксшы рингтегі жағдайды қадағалай алмай, оң-солына қарамай «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей, босқа өршеленіп, өзін сұлатып салатын қарымта соққыны байқамай қалады. Әбілязовтің қазіргі күйін эмоцияға берілген боксшымен салыстыруға болады. Ол Мамаймен арадағы бас араздығын, жан-дүниесін алай-дүлей еткен ызаны саясатқа, саяси күрестің тактикалық жоспарына салып жіберді.

Осы тұста Жанболат Мамайдың тіркеуі бар, оппозициялық партия саналатын ЖСДП-ға деген өшпенділігін айта кеткен орынды. Ол Жарамахан Тұяқбайдан ЖСДП билігін тартып алу «операциясын» ұйымдастырған Болат Әбілевтің командасында жұмыс істеген. Кейін, ЖСДП-ға Ермұрат Бапи төраға болған тұста ол өзінен кейін партия билігін Мамайға ұстатып кетпекші болғанын мәлімдеген. Бірақ, Мамайдың ЖСДП-ны қолға алып, «ашса – алқанында, жұмса – жұдырығында» ұстауға мүмкіндігі болмады. Соған ызаланған Мамай ЖСДП-ны «түкке тұрғысыз ұйым, оппозиция емес, биліктің жобасы» деген секілді сын айтумен келеді. Дәл осындай кезеңде Әбілязовтің аяқасты аунап түсіп «ЖСДП-ға дауыс берейік» деп ұрандап шыға келуі оның Мамайға әбден қаны қарайып алғанын көрсетеді.

«Сайлауда ЖСДП-ны қолдайық» деген Әбілязов тактикасының болымсыздығы, жоспарының жүзеге аспайтыны анық. Мамай секілді ол да ЖСДП-ның оппозициялық партия екенін мойындамайды, «ЖСДП – биліктің жобасы» деген сөзді ашық айтып, оған өзінше дәлел келтіріп те жүр. Сондықтан, Әбілязовтің айтуымен ЖСДП-ға мүше болуға ұмтылған тобырды партия жетекшілері жолатпайды. Сондай-ақ, Әбілязов «жаппай партияға кіріп, көпшілік дауыспен ЖСДП жетекшілерін орнынан тайдырып, партия билігін өз қолымызға аламыз» деп арам жоспарын айтып қалды. Бұдан кейін ЖСДП жетекшілерінің әбілязовшілерге тіпті күдіктене қарайды.

Сайлауға қатысты Әбілязовтің позициясы оппозиция ішіндегі алауыздықты тіпті ушықтырып жіберді. Бұл позиция ат төбеліндей аз ғана әбілязовшілерді де екіұдай күйге түсірді. Олардың бір бөлігі мамайшылдардың «Сайлауға – бойкот!» деп аталатын радикал ұранын қолдайды. Әбілязовшілердің тағы бір бөлігі «Халыққа адал қызмет» (ХАҚ) ұйымының жетекшісі Тоғжан Қожалиева жүйелеген «ақылмен дауыс беру» («Нұр Отаннан» басқа партияларға дауыс беру) идеясын жақтайды. Әбілязовшілердің сайлауға қатысты әртүрлі позиция ұстануына да Әбілязов кінәлі, себебі ол дер кезінде жақтастарына дұрыс жол сілтей алмады. Мамайға деген өшпенділік, ыза мен кек оған саяси ахуалды салмақты оймен сараптауға, жөндем ұсыныс айтуға мүмкіндік бермеді. Қалыптасқан жағдайдан билік қана саяси ұпайын еселеп, сайлауда ұтатыны белгілі болып тұр. Бұл оппозицияшыл қауым үшін орны толмас өкініш...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 23.11.2020 276

Қатысты мазмұн