
Жамбыл облысында екі теміржолшыны пойыз басып кетті, екеуі де қаза тапты.
"13 қаңтарда Жамбыл облысындағы Бел станциясына кіреберіс жерде Алматы - Ақтөбе бағытында қатынайтын жолаушылар пойызының локомотиві екі адамды қағып кеткен. Олар алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан. Оқиға орнына Шу станциясының тізбектегі полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы аттанған. Қаза тапқандардың кім екендері анықталды. Олар 33 жастағы және 44 жастағы теміржол ұйымының бірінде істейтін жұмысшылар екені анықталды", - деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметі.
Оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 3-бөлігі ("Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.