WikiLeaks сайтының негізін қалаған Джулиан Ассанж Америка сотында әскери құпияларды жария еткені үшін кінәсін мойындап, бұған дейін АҚШ билігімен қол жеткен келісімге сәйкес босады. Оның үстінен қозғалған іс тоқтады Бұл туралы BBC хабарлады.
Сот отырысы Тынық мұхиты Сайпан аралындағы Солтүстік Мариан аралдарындағы (АҚШ аумағы) федералды округтік сотында өтті. Ассанж ол жаққа Лондоннан барды.
Ассанж ұлттық қорғаныс туралы құпия мәліметтерді алу және оны жария ету үшін сөз байласқанына қатысты кінәсін мойындағаннан кейін судья Рамона Манглона оның Лондондағы қатаң режимдегі "Белмарш" түрмесінде өткізген 62 айын жаза ретінде есепке алу "әділ және ақылға қонымды" болады деді. Ассанж онда өзін экстрадициялауды сұраған Америка өтінішіне қарсылық білдірген еді, деп жазады Азаттық.
АҚШ-та Ассанжға тағылған айыптар бойынша 175 жылға дейінгі мерзімге түрмеге отыру қаупі төнген. АҚШ билігі оған тағылған айыптарды алып тастады. Сот отырысы аяғында судья Ассанжға сот залынан еркін түрде шыға алатынын айтты.
Ассанждың үстінен қозғалған іс тоқтады, Америка билігі Ассанжды экстрадициялау жөніндегі өтінішін қайтарып алды.
Келісім бойынша сот өткен арал аумағы кездейсоқ таңдалмаған. Сот құжаттарындағы ақпаратқа сүйенсек, Ассанж континентте кінәсін мойындағысы келмеген, бұған қоса Сайпан аралы Австралияға жақын (3200 шақырым) орналасқан. Бостандық алған Джулиан Ассанж Австралия астанасы Канберраға бармақшы.