Ұлттық банк неліктен доллар өсіп жатқанын айтты

none

2023 жылғы 16 наурызда ҚР Ұлттық банкінің сайтында валюта нарығына қатысты ақпараттық хабарлама жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлттық банк таратқан мәлімет бойынша, наурыздың 10-12-сі күндері АҚШ-тың технологиялық секторға қызмет көрсететін екі банкі: Silicon Valley Bank пен Signature Bank жабылатыны туралы ақпарат шықты.

"Әлемнің қаржы нарығында құбылмалылық өршіп, АҚШ пен Еуроаймақтағы банк секторына қатысты инвесторлардың алаңдаушылықтан туындаған тәуекелге қызығушылығының төмендегені байқалып отыр. АҚШ-тағы жергілікті дағдарыстың Еуроаймақтағы банктерге әсер ету тәуекелдері Credit Suisse атты Швейцария банкінің акция құнын төмендетті. Швейцарияның орталық банкі нарықтағы сенімді қалпына келтіру үшін банкке шұғыл өтімділік беру туралы шешім қабылдады". - ҚР Ұлттық банкі

Ұлттық банк соңғы күндері әлемде болып жатқан осы тектес оқиғалар ішкі валюта нарығына да әсер етіп отырғанын атап өтті.

"АҚШ доллары айтарлықтай құбылып, ұлттық валютаның әлсірей бастағаны сезілді. Бұл мұнай бағасының барреліне 73-74 доллар деңгейіне дейін төмендеуімен қиындай түсті. Әйтсе де, АҚШ пен Еуроаймақ банктеріндегі жергілікті дағдарыстардың Қазақстанның қаржы нарығына ықпалы шектеулі. Сақталған профицитті ескергенде, банк жүйесіндегі өтімділік жеткілікті".

Ұлттық банк "валюта нарығындағы өтімділікті сақтау және айырбастау бағамының күрт ауытқуын реттеу үшін валюталық интервенциялар жүргізу құқығын сақтайтынын" мәлімдеді.

"Бұл теңгенің ақылға қонымды құбылмалылығын шектемей, бағам белгілеудегі нарық тетіктерін қолдайды дегенді білдіреді. Қажет болған жағдайда интервенциялар жүргізіледі және тиісті ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланады", – делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Айдары: Найзағай 16.03.2023 44

Қатысты мазмұн