Үкімет 5 шілдеден бастап 14 күндік карантин енгізуді ұсынды

none

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде "Үкімет 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин жариялау туралы (ол ұзартылуы да мүмкін) жоспарын ұсынды" деп мәлімдеді.

Тоқаевтың жазуынша, 2 шілдеде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін түсініктеме береді.

Елде маусымның басынан коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп, 29 маусымда Тоқаев үкіметке елде "наурыз-мамырдағыдай" қатаң карантин шарасын қайтаруды тапсырған. Сол күні ол елде коронавирус өршіп кеткенін мойындап, қала, облыс әкімдер мен министрлерге сөгіс жариялаған.

30 маусымда елдің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде екі аптадан-төрт аптаға дейін қатаң карантин жариялауды ұсынды. Оның сөзінше, 4 апталық карантин жарияланса, тамыздың соңына таман елде күніне 2,5 мың адам вирус жұқтырып, ауруханаға түседі. Егер карантин болмаса, "күніне 27 мың адам вирус жұқтырады".

Қазақстанда коронавирус жұқтыру жағдайы алғаш рет 13 наурызда тіркелді. Үш күннен соң ел билігі ТЖ және қатаң карантин жариялады. ТЖ режимі 11 мамырда аяқталып, карантин шаралары жеңілдей бастады. Кейін елде вирус жұқтырғандар көбейе бастады. Билік төтенше жағдай кезінде коронавирус пен экономикалық дағдарысты еңсеру үшін бюджеттен 13,5 млрд доллар бөлген.

Кейбір сарапшылар "үкіметті экономиканы жандандыру үшін карантин шектеулерін тым ерте алып тастады, халыққа вирустың қаупін дұрыс түсіндірмеді" деген пікір айтқан.

Эпидемия басталғалы Қазақстанда вирус жұқтырғандар 40 мыңнан асып, 188 адам коронавирустан қайтыс болды. Мыңдаған адам пневмониядан көз жұмды. Алматы мен Нұр-Сұлтанда инфекциялық стационарлардың 90 пайызы толған.

ДДСҰ Қазақстанды "вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына" кіргізді.

Айдары: Найзағай 01.07.2020 20

Қатысты мазмұн