Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосуға үндеген ерлі-зайыптыларға үкім шықты

none

Солтүстік Қазақстан облысында сот "Қазақстанның унитарлығы мен тұтастығын бұзуға үндеген" ерлі-зайыптының әрқайсысын бес жыл түрме жазасына кесті. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметіне сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктері мен бірқатар басылымдар жазды.

Ерлі-зайыптыға Қылмыстық кодекстің 180-бап 2-бөлігі бойынша ("Сепаратистік әрекет") айып тағылған. Іс материалдарына қарағанда, айыпталушылар "Солтүстік Қазақстанның кімге тиесілі екені" жайлы дауласқан. Ресейлік "Россия сегодня" ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі – Sputnik Қазақстанның хабарлауынша, ерлі-зайыптылар "Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосуға үндеген". "2022 жылдың 11 желтоқсанында ерлі-зайыпты екі адам телекоммуникация құралдарын пайдалана отырып, "Чат Рулетка" қосымшасындағы айтқандары Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға үндейтінін және айналаға теріс әсер ете алатындығын біле отырып, өзге адамға әлеуметтік тұрғыда қауіпті сөзді ашық айтқан" деп жазылған сот хабарламасында.

Ақпаратқа қарағанда, ерлі-зайыптылар айыпты мойындамаған. Қазақстанның қылмыстық заңнамасында сепаратистік әрекетке 5-10 жыл түрме жазасы қарастырылған. Прокурор айыпталушыларға ең аз жаза сұраған.

Соттың хабарлауынша, іс бойынша жағдайды ауырлататын немесе жұмсартатын жайттар анықталмаған. Сот экстремистік сипаттағы қылмысқа шартты жаза тағайындалмайтынын да ескерткен. Ерлі-зайыптылар қатаңдығы орташа мекемеде жазасын өтейді.

Екі күн бұрын Ресей Федерациясы қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Қазақстан - жасанды мемлекет", "Солтүстік және Оңтүстік Осетия, Абхазия мен Грузияның қазіргі жері Ресей туы астына бірігуі мүмкін" дейтін пост пайда болған. Он минуттан кейін пост жойылған. Кейін Медведевтің көмекшісі бұрынғы президенттің парақшасы "бұзылғанын" мәлімдеді.

Медведев постының скриншоттары әлеуметтік желіде жылдам тарап, ол туралы Қазақстан қоғамында сын пікір мен Ресей саясаткеріне қарата айтылған сарказм күрт көбейгені аңғарылды. Кейбір авторлар оны Қазақстан жерін даулап, мәлімдеме жасап жүрген Ресейдің кейбір депутаттарының сөздерінен кейінгі тағы бір белгі деп болжағаны байқалды, деп жазады azattyq.

Айдары: Найзағай 03.08.2022 49

Қатысты мазмұн