Солтүстік Қазақстанда өрттен бір үйдің 4 адамы қаза тапты

none

11 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Булаев қаласында өрттен бір әулеттің 4 мүшесі қаза тапты.

Таңғы сағат 7-де 112 нөміріне өрт туралы ақпарат түскен. Оқыс оқиғаның не себепті болғаны әлі белгісіз. Төтенше жағдай қызметінің мамандары оқиға орнына жеткенде үйдің шатыры түгел өртеніп кеткен, артынша газ баллоны жарылған.

– Степная көшесіндегі 31-үй өртенді. Өртті сөндіру кезінде 4 адамның денесі табылды. Олар: ерлі-зайыпты мен олардың 4 жасар ұлы және әйелдің әпкесі. Қазір мамандар өрттің неден болғанын анықтап жатыр. Біздің болжауымыз бойынша, өрт пештің кесірінен шығуы мүмкін, – деді Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті өртті бақылау басқармасының басшысы Дмитрий Растихин.

Қаза тапқан жұптың кішкентай қызы жетім қалды. Өрт сөндіру мамандарының сөзінше, бүлдіршінмен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр. Жалпы жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 96 өрт тіркелді. Соның кесірінен 15 адам қаза тауып, 9 адам жарақат алған.

Айдары: Найзағай 12.02.2021 21

Қатысты мазмұн