«Qazaqstan» телеарнасы журналистік этиканы аттап кетті

none

Qazaqstan телеарнасында Қымбат Досжан жүргізетін «Қымбат жандар» хабарында сегіз жыл бұрын жұмыс істеу үшін астанаға келіп, хабар-ошарсыз кеткен Асылбек Дүйсенов есімді жігіт туралы айтылады. Студияға Асылбектің қарындасы мен күйеу баласы келеді.

Қымбат Досжан қарындасы Зүлфиядан ағасы туралы егжей-тегжейді сұрайды; ағасының суреттерін көпшілікке көрсетеді; Асылбектің қалай жоғалып кеткенін, кейінгі жылдары қаншалықты жиі хабарласқанын сұрайды, соңғы рет қашан сөйлескенін; ішкен-ішпегенін, темекі тартты ма, жоқ па — соны да сұрап біледі.

Ең соңында жүргізуші «Қарындасы ретінде не ойлайсың?» дейді.

Зүлфия «Жүрген шығар бір жерде» деп қамығып, сөзін аяқтай алмай қалады. Жүргізуші «Экранға қарайық» дейді. Ары қарай не болды дейсіздер ғой? Тапты, жүздестірді деп ойлайтын шығарсыздар? Жоқ.

«Үйінен шығып, үйірінен (?) адасып кеткендер көп…» деп сюжет басталады. Жоғалып кеткен Асылбек Дүйсеновтің суреттерін бірінен соң бірін шығарып, хикаясын бастан-аяқ қайта баяндайды. Экранның екінші жартысында — көзі жасаурап отырған қарындасы.

Сюжет ортасында «2014 жылы астанадағы үйлердің бірінің маңында белгісіз ер адамның мәйіті табылғаны»; «мәйітке сот-медициналық сараптама тағайындалғаны», ақыры оның «Асылбек Дүйсенов болып шыққаны» айтылады. Экран жартысында — ағасының қазасы туралы естіп, жылап отырған қарындасы. Журналист сюжет соңында Асылбектің қаладағы зиратқа 246-нөмірмен жерленгенін айтады; «еш белгісі жоқ, жай төмпешікке айналған» марқұмдарды сөз етеді. Сюжет осымен аяқталады.

Студияда Зүлфия ағыл-тегіл жылап отыр.

Мен мынаны ұқпаймын: бағдарлама аясында бір адамды іздеген екенсіздер, ақыры тауыпсыздар, қарындасына ағасының қайтыс болғанын студияда, көптің көзінше естіртудің не қажеті болды?

Қымбат Досжан «Сендерді Маңғыстаудан шақырғанда мұндай хабарды естіртеміз деп ойламадық» дейді. Онда хабарға не үшін шығарасыздар? Ішкен-ішпегенін, қарындасы ретінде не ойлайтынын сұраудың не қажеті болды? Қазаны бұлай — сюжетпен мыжып естірту үшін адамның жүрегі қандай болуы керек? Рейтинг үшін бе бәрі? Құтты болсын ендеше. Қымбат Досжан соңында «Жыла, жылаңыз, ағасын жоқтайтын қарындастың барына шүкір» дейді. WTF?

Мұнымен біткен жоқ. Ары қарай полицияның қатысуымен қойылым басталады.

Астанадағы аудандық полиция басқармасының қызметкері келіп, марқұм Асылбектің қазасы туралы қағазды әкеледі. Қымбат Досжан «жоғалған жігітті іздеуге үлкен көмек көрсеткендер» деп төрт шенді полицейдің аты-жөні мен қызметін түгендеп шығады да, «хабар атынан, Ұлттық арна мен көрермен атынан алғыс білдіреміз» дейді.

Мұнан соң студияға келген полицей Зүлфияға марқұм ағасының неден қайтыс болғанын, мәйітте «жарақат іздері болмағанын» айтып береді.

Ары қарай жазуға сөзім жоқ, төзімім де жетпеді. Түңіліп кеттім...

Аян Қалмұрат, журналист

(Жазба автордың фейсбуктегі парақшасынан алынды)

Айдары: Бақ-бақ 03.11.2020 122

Қатысты мазмұн