Прокурор Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

none

Прокурор бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұған қоса, мүліктерін тәркілеп, он жыл мемлекеттік қызмет істеуге тыйым салуды өтінді. ҰҚК генерал-майоры, "Құрмет", "Парасат" атақтарынан айыру қажеттігін айтты. Мемлекеттік айыптаушы "Сатыбалдының қамауда болған әр күнін 1,5 күнге есептеуді" сұрады. Қайрат Сатыбалды прокурор ұсынған жазамен келісті.

"Кінәмді мойындаймын, өкінемін, процессуалды келісімнің барлық пунктімен келісемін" деді ол.

Жәбірленуші тарап та процессуалды келісіммен келісіп, айыпталушыларға қоятын талаптарымыз жоқ деген. Бұған дейінгі сот отырысында Қайрат Сатыбалды КСО-ға келтірген 28 миллиард теңге, "Қазақтелеком" компаниясына келтірген 12 миллиард теңге залалын өтегені хабарланған.

21 қыркүйекте жәбірленуші тарап, "Көлік сервисі орталығы" компаниясы бұған дейін ұсынған медиация келісімін қайтарып алған. Ақпаратқа қарағанда, тараптар жаңа медиация келісім жасасқан. Соған орай, жәбірленуші тарап соттан алғашқы келісімді қайтару туралы өтінішті іс материалдарынан алып тастауды өтінді.

Бұл істе Қайрат Сатыбалдыдан бөлек, "Темир Триумф" иелерінің бірі Марат Мұхамбетжанов, спортшы Шыңғыс Қоңырбаев, "Қазақтелеком" бөлімінің басшысы Леонид Муравьев, "Көлік сервисі орталығының" топ-менеджері Ғайни Бекетовке айып тағылған. Көбі ақша жымқырды және сенімге кіру арқылы шығын келтірді деп айыпталған. Прокурор Мұхамбетжанов пен Бекетовке әрқайсысына алты жыл шартты жаза сұрады.

Басшылық қызмет істеуге тыйым салуды өтінді. Ал Муравьев пен Қоңырбаевқа 2,6 жыл шартты жаза беру қажеттігін айтты. Үш жыл басшылық қызметтер атқаруға тыйым салынсын деді.

Судья кеңесу бөлмесіне кетті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды "Қазақтелекомнан" 12,7 млрд теңге, "Қазақстан теміржолы" компаниясына тиесілі "Көлік сервисі орталығынан" 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталған.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды наурызда қамауға алынған еді. Оның үстінен "алдау жолымен мүліктік залал келтірді", "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Бұдан бөлек Сатыбалды "салықтан және кеден төлемдерінен жалтарды", "қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырды" деген күдікпен де тергеліп жатыр. Ол Forbes Kazakhstan есебі бойынша Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің тізіміне кірген. Оның әйелі Гүлмира Сатыбалды да "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды" деген айыппен қамауға алынған.

Сарапшылар Қаңтар оқиғасынан соң экс-президент туыстарының қамауға алынып, отбасы мүшелерінің жоғары лауазымдардан шеттетілгенін бұрынғы кланның әлсірегені ретінде бағалайды.

Дереккөз: azattyq.org

Айдары: Найзағай 22.09.2022 37

Қатысты мазмұн