Президент Тоқаев пен Катар әмірі кездесті

none

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті.

Кездесу барысында екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Катар арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын және даму перспективаларын жан-жақты талқылады.

Көшбасшылар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға өзара ниетті екенін растады. Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары туралы айта келе, екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көрсеткіштерін арттыру маңызды екеніне тоқталды.

Президент Тоқаев екі мемлекеттің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы ықпалдастықты жандандыруды ұсынды.

"Біздің бірқатар инвестициялық жобаларымыз бар. Бүгін соларды сіздермен бірлесіп талқылауға дайынбыз. Қазақстан компаниялары осы бағытта Катар бизнесімен тығыз ықпалдастық орнатуға ниетті", - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Катар әмірін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни Доханың Қазақстанмен көпжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.

"Бүгінгі экономикалық форумға Қазақстанның қатысқаны - мен үшін үлкен мәртебе. Біздің өзара сенімге негізделген қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бірлескен жобаларды, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асыруға дайынбыз. Бұл еліміз үшін басым бағыт және жуық арада агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды егжей-тегжейлі талқылау үшін арнайы топ жібереміз", - деді Катар әмірі.

Әңгіме соңында Тамим бен Хамад Әл Тәни Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, жақын арада елімізге сапармен келуге ниетті екенін нақтылады.

Айдары: Найзағай 21.06.2022 35

Қатысты мазмұн