Өткен тәулікте 691 адамнан коронавирус инфекциясы табылды

none

Қазақстанда өткен тәулікте 691 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Елде коронавирус жұқтырғандар 100 855 адамға жетті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда – 143, Алматыда – 97 адамнан коронавирус табылған. Алматыда ұзақ уақыттан бері алғаш рет жүзден аз көрсеткіш тіркеліп отыр. Бұл екі қала вирус жұқтырғандар саны жағынан (екеуінде де 13 мыңнан асады) республикада алда тұр. Қалған қалалар мен облыстарда олардың саны 10 мыңға жетпейді. 11 тамызда ең төменгі көрсеткіш Шымкент (7) пен Қызылорда облысында (9) тіркелген.

Бір күнде 975 адам жазылған. Барлығы 74 677 адам (73 пайызы) айыққан. Қазір стационарларда 25 мыңнан астам адам емделіп жатыр.

Эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан 1269 адам қайтыс болған деп айтылады. Бұған коронавирус жұққан, бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес, өзге ілеспе аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған жүздеген адамның өлімі енбеген. Кейбір мамандар Қазақстанның ресми орындары таратқан коронавирус статистикасына күмән келтіреді.

Қазақстан билігі вирус жұқтырғандардың жалпы саны 100 мыңнан асты дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елде вирус жұқтырғандар саны 113 мыңнан асқан. Халықаралық ұйым белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды да елдің Covid статистикасына қосып есептеп отыр.

Айдары: Найзағай 12.08.2020 27

Қатысты мазмұн