Мүфтият билігі Бас есепшінің қолына өтті ме?

none

Бас мүфти Наурызбай Өтпенов ҚМДБ-ның Бас есепшісі Лаура Тілеуханқызы Байжасароваға ҚМДБ мешіттері арқылы халықтан жиналатын мол қаржыны қадағалайтын мәртебе беріп, билігін күшейтті. Құжат «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігі ЕСЕП ЖҮРГІЗУ ЕРЕЖЕСІ» (бұдан әрі қарай «Ереже» деп жазылады - авт.) деп аталады. Ережеге сәйкес, бұдан былай мешіттердің бас имамының өкілеттігі шектеліп, қаржы мәселесін қадағалау мешіттердің бас есепшісіне жүктелді. Олар ҚМДБ-ның Бас есепші Лаура Байжасароваға мәлімет беріп, жиналған қаржыны мерзімінде жіберіп тұруы тиіс.

«Бухгалтерлік есеп бөлімдерінің жұмысын реттеп, қызметтік тәртіпті орнату үшін жасалған» Ережеге сәйкес бұдан былай «3.2. «ҚМДБ» РИДБ-ның облыстық және республикалық маңызы бар қалалық филиалдары тікелей «ҚМДБ»-ға бағынады».

Сондай-ақ,

«4.7. Бас имамның қаржылық құжаттарға қол қою жөніндегі өкілеттігі «ҚМДБ» РИДБ Жарғысында реттелген өкілеттіктерден туындайды, қол қою құқығы лауазымдық нұсқаулықта Бас есепшіге/есепшіге бекітілген.

Қаржы – есеп айырысу құжаттарында Бірінші қол қою құқығы Бас имамға, ал Екінші қол қою құқығы мешіттің Бас есепшісі/есепшісіне беріледі.

Ақшалай қаражат пен тауар – материалдық құндылықтарды қабылдау және беру үшін негіз болатын құжаттарға, сондай – ақ есеп айырысу міндеттемелеріне материалдық жауапты адамдар қол қояды, оларды Бас имам мен Бас есепші/есепші куәландырады.

text

Ереженің «Мешіттердің садақа жәшіктерін ашу тәртібі және реттілігі» деп аталатын бөлімінде мешіттегі Садақа жәшігінің кілті 1 ғана дана болу шарт, және кілт есепшінің қолында болатыны жазылған.

«5.1.4. Қаражат саналғаннан кейін, мешіт кассасына қаражат соммасы кіріске алынады және 1С/Exsel бағдарламасына енгізіледі»... «5.1.5. Егер қаражат шет ел валютасында болса, түскен валюта бойынша міндетті түрде жасалынған АКТ-іде көрсетіледі... банк бөлімшесіне барғанда ауыстырып, мешіттің кіріс қаржысына банктің кіріс ордеріне сәйкес тіркейді».

«7.6. Өкілдіктің Бас есепшілері Облыстың жарнасын «ҚМДБ» РИДБ жарғысының 13.17 тармағына сәйкес «Мешітке түскен ай сайынғы қаржылай түсімнің (демеушілік, ауызашар, фидиядан басқа) бекітілген тізім мөлшерін «КМДБ» РИДБ-не келесі айдың 25 күніне уақытылы аударылып отыруын қамтамасыз етеді».

«7.7. Аудан, қала есепшілері тоқсандық есепті жапқаннан кейін, жарнаны келесі айдың 10-ші жұлдызына дейін жіберуі қажет».

«9.3. «ҚМДБ» РИДБ Бас есепшісіне «ҚМДБ» РИДБ филиалының Бас есепшісі тоқсан және жылдық бухгалтерлік қаржылық есепті айдан кейінгі келесі айдың 20-на дейін «ҚМДБ» РИДБ Бас есепшісінің бекітілген мерзімі бойынша тапсырады».

Ереже Наурызбай Өтпенов Бас мүфти бола сала ҚМДБ жарғысына енгізілген өзгерісті ұштай түсті. Оқырманның есінде шығар, Бас мүфти Өтпенов 2020 жылдың 7 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс құрылтайын өткізіп, жұртқа білдірмей шұғыл түрде ұйым жарғысын өзгертіп жіберген. Бұрынғы Жарғы бойынша, мешітке түскен қаржыдан мешіт шығынына кететін қаржының (коммуналдық төлемдері, еңбекақы, жөндеу жұмыстары, т.б.с.с.) алып тастағаннан қалған ақшаның 30 пайызын ҚМДБ-ға аударып тұру міндеттелген еді. Жарғыдағы осы ережені Наурызбай Өтпенов «Мешітке түскен ай сайынғы қаржылай түсімнің 30 пайызға дейінгі мөлшерін ҚМДБ-ға уақытылы аударылып отыруын қамтамасыз ету керек» деп өзгерткен. Яғни, ол бұрынғы мүфтилер секілді мешіт шығындарынан кейін қалған ақшаны місе тұтқан жоқ.

text

Өтпенов өзгерткен Жарғыда мешіт жалпы түсімнің 30 пайызын мүфтиятқа беріп, содан қалғанын күнкөріске жаратады. Қалдық қаржы мешіт шығынына жете ме, жетпей ме, бұл проблемаға Бас мүфти бас қатырып отырған жоқ. Енді арнайы Ережеге сүйенген ҚМДБ-ның Бас есепшісі мешіттерді одан әрмен қыса түседі. Бұл - имамдардың іс-сапарына, мешіттің басқа шығынына қатысты мәселе:

«Егер Орталық мешіт қажеттілігіне – 980 - АЕК (МРП) теңгеден асатын қаражат жұмсалатын болса, міндетті түрде «КМДБ» РИДБ төрағасының жазбаша түрде рұқсатын алу қажет. Ал ауыл, аудан, қала мешіттері шығындары төмендегі көрсеткен сомадан асқан жағдайда міндетті түрде филиал Бас имамынан жазбаша түрде рұқсат алу қажет: - Қала – 653 АЕК (МРП); - Аудан – 327АЕК (МРП); - Ауыл – 164 АЕК (МРП);

10.16.Бас есепші/есепші атқаратын лауазымынан босатылған кезде істерді жаңадан қабылданған Бас есепшіге/есепшіге тапсыру жүргізіледі, құжаттарды қабылдау-беру актісімен рәсімделеді.

10.17. Бас есепші/есепші заңнамаға және ақша қаражатын, тауар – материалдық және басқа да құндылықтарды қабылдаудың, сақтаудың және жұмсаудың белгіленген тәртібіне қайшы келетін операциялар бойынша құжаттарды орындауға және ресімдеуге қабылдауға тыйым салынады».

Осылайша, Бас мүфти Бас есепшісімен бірге мешітте қалған қаржыны да бақылауға алып, қарапайым молдалардың адымын аштырмауға кірісті. Мұндай қысымға шыдай алмаған мешіт имамдарының баспасөзге арызданудан басқа амалы қалған жоқ. Олардың жағдайы түсінікті – молдалар ҚМДБ жүйесінен басқа ешбір салада жұмыс істей алмайды. Сондықтан олар қалай болса да, мүфтиятқа реформа жасау идеясы жағына қарай ойысып барады. Ал Бас мүфти Наурызбай Өтпенов ҚМДБ Жарғысына өзгеріс енгізу арқылы да, бас есепшінің мәртебесін көтеретін арнайы Ереже арқылы да мешіттердің жағдайын нашарлатудан қаймығар емес. Кейбір мешіттер коммуналдық қызметті өтей алмай газдан, судан ажыратылды. Көптеген мешіттер қыстыгүні тіпті жылытылмайды, жөндеу жұмыстары дер кезінде жүргізілмегендіктен ғимараттар тозып барады.

Осы тұста «Бас мүфти Бас есепшінің ыңғайына неге жығыла береді?» деген сұрақ туады.

Мұндай сұрақтың негізі бар: Жиырма жылдан астам уақыт ҚМДБ-да абыройлы қызмет істеп келген тәжірибелі Бас есепші Бибимариям Жиенбайқызын Бас мүфти «шариғат талабына сай киім кимейді, сыртта жүргенде орамал тартпайды» деп жұмыстан шеттетті. Оның орнына жап-жас Лаура Байжасарованы Бас есепші қылып қойды. Ал Лаура ханым орамал тартпақ түгілі, кейде шалбармен, кейде қысқа көйлекпен жүреді. Дубай, Түркия секілді ыстық аймаққа қыдырып барғанды ашық-шашық киім киіп, тіпті еркінсіп кетеді екен. Әрине, зайырлы елде кімнің қалай киінетіні маңызды мәселе емес. Олай болса, Бас мүфти осы Бас есепшіні «аттай қалап» жұмысқа алып, неге сонша оған «құсы түсіп» жүруінің себебін басқа жақтан іздеп көрдік. Сөйтсек, мұнда гәп бар екен.

Лаура Тлеухановна Байжасарованың 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында тіркеткен (БИН180240007633) «Алма Аудит» ЖШС деп аталатын аудиторлық компаниясы бар. Бұл компания мүфтиятты, мүфтиятқа қатысы бар құрылымдар мен Наурызбай Өтпеновтың нұсқаумен құрылған қорларға аудит жүргізумен айналысып келеді.

«Алма Аудит» Наурызбай Өтпеновтың «жекеменшік қаржы полициясы» секілді. Есеп-қисап тексерісі бойынша осы компанияға жүгініп өзіне жақпайтын кейбір имамдарды қысымға алып, қызметтен кетірді. Екіншіден, «Алма Аудит» ҚМДБ жүйесіндегі «Зекет қоры», «Иман» журналы, «Мұнара» газеті секілді құрылымдарға аудит жүргізгенсіп, былық-шылықты бүркемелеп отыр. Бұл аудиттің нәтижесі ешқашан еш жерде жарияланған емес. Қандай қаржының орынды, қанша қаржы мақсатсыз жұмсалғанын Бас мүфти мен Бас есепші құпия ұстап отыр. Мұндай сорақылық – Бас есепшінің өзін өзі тексеруі ешбір бухгалтерияда мақұлданбайды. Өзін өзі тексергіш компанияға салық органы да, инвесторлар мен қайырымдылық жасайтын спонсорлар да күдікпен қарайды. Мүфтият қарамағындағы молдалардың іштей наразылығының бір себебі осында. Мысалы, Наурызбай Өтпенов «Нұр-Астана» мешітінің бас имамы болып тұрған шақта ҚХА-ның қазіргі хатшысы Марат Әзілхановпен (бір кездері Дін істері комитетін басқарған) ойласып, «Ақжан» (БИН 140440000319) атты қор ашқан. Мақсат – «астанадағы табысы аз мешіт молдаларына, дін қызметкерлеріне әлеуметтік көмек беру». Дегенмен, жыл сайын миллиондаған теңге жиналатын бұл қордан қарапайым молдалар ешқашан көмек алған емес. Салық органының дерегі бойынша, жыл сайын миллиондаған қаржы жинап алатын «Ақжан» қоры 2016 жылдан бері бюджетке бір тиын салық төлемеген.

Мүфтият және Бас мүфтидің маңайында «Ақжан» секілді құрылымдар көп. Заңға «пысқармайтын» осындай қорлар мен басқа да құрылымдарға Бас есепші Лаура Байжасарованың «Алма Аудит» компаниясы аудит жүргізіп, «...жамандығын жасыруға» септесіп келеді. Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың Бас есепші Лаура Байжасарованы жақсы көріп, оның мәртебесін ҚМДБ Жарғысы арқылы да, арнайы Ереже арқылы да қайта-қайта өсіріп, мүфтият «қамбасына» көктемдегі тасқын судай ұлы даланың сай-саласымен жылыстап құйылып жатқан миллиардтаған қаржыны қадағалатып қоюының себебі - осы.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 21.02.2022 1454

Қатысты мазмұн