ҚР Ішкі істер министрлігі полицейлер қай жағдайда қызметтік қаруды қолданатынын түсіндірді.
Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 61-бабына сәйкес, қызметкерлер атыс қаруын және өзге де қаруды жеке адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда оларды қылмыскерден қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату кезінде, сондай-ақ қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылға тойтарыс беру жағдайында қолданады.
Мұнымен қоса, қызметкерлер атыс қаруын және өзге де қаруды:
жеке адамдардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылға тойтарыс беру, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылға тойтарыс беру;
құқық қорғау органының атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы көлік құралын тартып алу әрекеттерінің жолын кесу;
қарсылық көрсететін немесе қылмыс жасау кезінде үстінен түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамақта ұсталатындардан басқа) ұстау, қаруланған адамдарды ұстау;
егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, көлiк құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату;
қару қолдану ниеті туралы азаматтарға ескерту, дабыл сигналын беру немесе көмекке шақыру үшін қолдануға құқығы бар.
Сонымен қатар, қызметтік қаруды полиция қызметкерлері барлық басқа да қажет қорғаныс жағдайларында қолдана алады.
Дереккөз: Kazinform