
Алматыдағы McDonald’s мейрамханалары атауын көрсетпей, жұмысын қайта бастады. Бұл туралы Информбюро басылымы хабарлайды.
"2023 жылғы 23 қаңтарда Food Solutions KZ компаниясына қарайтын, бұған дейін McDonald’s брендімен шығып келген мейрамхана жұмысын қайта бастады. Жылдам қызмет көрсететін мейрамхана желісі біртіндеп ашылмақ, алдымен Алматыда 5 мейрамхана ашылады" делінген компанияның ресми хабарламасында.
Ақпаратқа қарағанда, Алматының Төле би, Шевченко, Мұстафин, Бұхар жырау көшелері мен Розыбакиев көшесінде орналасқан MEGA ойын-сауық кешеніндегі мейрамханалары ашылған.
"Мейрамхана жабылғандағы қызметкерлердің жұмыс орындары, жалақысы мен еңбек шарттары сақталады" дейді компания.
"Әзірше мейрамханалардың атауы жоқ, бірақ жақын уақытта жаңа атауын ұсынамыз" дейді Food Solutions KZ компаниясының бас директоры Әсет Машанов.
Биыл қаңтарда Ресейден ет тасымалдау мүмкіндігінен айырылған McDonald's Қазақстан нарығынан да кететіні туралы хабар тараған. Қазақстандағы McDonald’s франшизасының операторы Food Solutions KZ елде жаңа бренд пайда болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Өткен аптада Қазақстанның әділет министрлігі, ресейлік "Вкусно – и точка" компаниясының тауар белгісін тіркеу туралы өтінішін қарап жатқанын хабарлаған.
Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқықтары департаментіне сілтеме жасаған "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі "Ресейдің "Система ПБО" компаниясының "Вкусно – и точка" тауар белгісін тіркеу туралы өтінішін Қазақстанның сарапшылар ұйымы қарап жатыр» деп хабарлаған.