Маңғыстауда дәрігерлер вакцина паспортын сатқан

none

Маңғыстау облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның 50 паспортын сатқан 8 адам ұсталды, арасында дәрігерлер мен делдалдар бар. Бұл туралы 13 қыркүйекте Маңғыстау облысының полиция департаментіне сүйенген Lada.kz сайты хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, күдіктілер екпе алғаны жөнінде құжатты 30-50 мың теңге аралығында сатқан. Ұсталғандар 150-ден астам адамға құжат сатқанын мойындаған.

"Қылмыстық кодекстің 385-бап 2-бөлігі бойынша ("Жалған құжаттарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу жалғасып жатыр" деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Қалиев.

Бұл фактілер Жаңаөзен, Ақтау қалалары мен Мұнайлы ауданындағы мемлекеттік және жеке меншік ауруханаларда анықталған. Полиция тергеу жалғасып жатқандықтан күдіктілер көбеюі мүмкін екенін айтады. Олардың сөзінше, вакцина паспортын сатып алғандар кәдімгідей екпе процедурасына келген, бірақ екпе алмаған.

– Медбикелер мақтаны алып, екпені адамның қолына емес, мақтаға салған, бұдан соң вакциналау базасына екпе алды деген мәлімет енгізген. Ол адамдардың байланыс ортасын анықтадық және тізбек бойынша қатысы барларды анықтай бастадық, - деді Алтынбек Қалиев.

Қазақстанда вакцина паспорты коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын алғандарға беріледі. Билік тұрғындарды вакцина алуға міндеттей бастағаннан кейін вакцинаның жалған паспорты жайлы ақпараттар жиілей бастаған. Вакцина алмағандар жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл әсіресе қызмет көрсету саласында еңбек ететіндерге қатысты.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі заңнамада жалған құжат жасау бойынша 4 жылға дейін түрме жазасы қарастырылғанын, оны пайдаланғандар 40 күнге дейін қамалуы мүмкін екенін ескерткен.

19 млн халқы бар Қазақстанда 5,9 млн адам вакцинаның толық дозасын алған. Олардың қаншасы жалған паспорт пайдаланатыны белгісіз.

Айдары: Найзағай 13.09.2021 41

Қатысты мазмұн