Макс Боқаев бостандыққа шықты

none

Жер мәселесіне қатысты митингілердің ұйымдастырушысы Макс Боқаев бостандыққа шықты. "Ақ Жайық" басылымы Макс Боқаев 4 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 06.00-де Атыраудағы түзеу колониясынан босатылғанын жазды.

Басылым мәліметіне сүйенсек, бостандыққа шықаннан соң Макс Боқаев белсенділермен кездескен. Кейін үйіне, анасына барған.

Айта кетейік, Макс Боқаев пен Талғат Аян 2016 жылғы қарашада бес жылға бас бостандығынан айырылған. Атырау қаласының №2 соты оларды ҚР ҚК 174-бабы 2-бөлігі ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру"), 274-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Қоғамдық шара өткізудегі көрінеу жалған ақпарат тарату") және 400-бабы ("Жиналыстарды, митингілердi, пикеттерді, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу") бойынша кінәлі деп таныған.

Сондай-ақ, ҚР ҚК-ның 400-бабы бойынша Макс Боқаев пен Талғат Аянға 250 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 530 250 теңге айыппұл салынған.

2018 жылы сәуірде Талғат Аянның жазасы жеңілдетілген болатын. Сот белсендінің бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырған еді.

Айдары: Найзағай 04.02.2021 22

Қатысты мазмұн