Мәжілістің құрылымдық жүйесін өзгерткен дұрыс па?

none

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған саяси реформаның парламентке қатысты ұсыныcы қандай нәтиже береді?

Бұл сұраққа жауап бері үшін саяси жүйені тұстас қараған жөн.

Жолдауда Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялар тізімі арқылы, қалған 30 пайызы бірмандатты округтар арқылы тікелей сайланатын айтылды. Яғни, 30 пайыз депутат аймақтардағы сайлаушылардың дауысына, қалауына тәуелді. Әрине, мұны 50/50 пайыз қылуға да болар еді. Дегенмен, ерте ме, кеш пе, бәрібір, Қазақстанда партиялық жүйені дамыту маңызды.

Мәжіліс – бұдан былай нағыз заң шығарушы орган болады, Мәжіліс заңды Сенатсыз-ақ өзі қабылдай береді. Сондықтан заңнамаларды дайындау мен соны ұсыныстар енгізу Мәжілске өткен саяси партиялардың аппаратында ұжымдық негізде пысықталуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда партиялар Мәжіліс жұмысында ерекше рөл атқарады.

Партияларға Мәжілістің 70 пайыздық депутаттық мандатын беру арқылы саяси ұйымдардың белсенділігін арттырады. Мәжілістегі Қазақстан халықтары ассамблеясының депутаттық мандат үлесін Сенатқа ауыстыру да бекер емес. Осы арқылы Мәжілістегі керексіз салмақ алынып тасталды.

«Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет» - делінген Президент Жолдауында. Сонымен қатар, партия тіркеудің шарттары да жеңілдеді. Президент Тоқаев саяси партия тіркеу үшін қажет 40 мың адамды былтыр 20 мыңға дейін түсірген. Енді оның шартын 5 мың адамға дейін азайтты. Ал партиялардың сайлаудағы кедергісін былтыр 7-ден 5 пайызға азайтқан. Қазір сайлауда 5 пайыз дауыс алған партия Мәжілістің бірнеше мандатына ие болады.

Партияның құрылтай сиезіне қатысуы тиіс мыңнан астам делегат санын 200-ге төмендетті. Мұның бәрі партияны тездетіп тіркеуге берілген көп жеңілдік.

Тоқаев ұсынған реформа саяси алаңдағы монополияны да жояды. Президент Тоқаевтың өзі саяси алаңда үнемі үстем позицияда тұрған «Аманат» (бұрынғы «Нұр Отан») партиясынан кетті. Ол облыс және аудан әкімдеріне «Аманаттың» филиал жетекшілігінен кетуді тапсырды. Бұдан кейін «Аманат» қатардағы көп партияның бірі болып қалады. Осы жағдай саяси партиялардың әділ бәсекесіне жол ашады. Өзінің күшіне сенбеген саяси ұйымдар ортақ мәміле тауып бірігеді. Бұдан былай саяси партиялар әкімшілік ресурстарды арқа тұтатын жаман әдеттен арылады, қарапайым сайлаушылардың мұң-зарын тыңдауға бет бұрады, халықпен етене жұмыс істеуге көшеді. Қалай десек те, президент Тоқаевтың заң шығарушы органның – Мәжілістің құрылымдық жүйесін өзгерту жөніндегі ұсынысы оңды нәтиже береді.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Төбе 18.03.2022 56

Қатысты мазмұн