Конъюктурашыл саясаткер

none

«Қаңтар» оқиғасынан кейін саясат алаңына қайта шыққан Болат Әбілев «Біздің таңдау» деп аталатын саяси партия құрылатынын мәлімдеді. Бастамашыл топта саясаткер Рысбек Сәрсенбай, қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова бар. Болат Әбілевтің бастамасымен құрылған «Қаңтар» қорының қолдаушылары бұл жиында көрінбеді.

Болат Әбілевтің «саяси партия құрамыз» дегені әзірге декларативті мәлімдеме ғана. Саясаткерге жақын жүрген дереккөздің айтуынша, Болат Әбілевті саясат алаңына алып шыққан олигархтар ілі әрі-сәрі күйде, нақты шешім қабылданбаған. Олар ресми билікпен әлдебір «саяси сауда» жасап жатқан секілді. Сондықтан «Қаңтар» қорының жұмысы да шатқаяқтап тұр. Себебі, «Қаңтар оқиғасына» байланысты құрылған бұл қор да билікті өздерімен санастыруды мақсат тұтады. «Біздің таңдау» партиясы тіркелсе, олар «совет өкіметі кезіндегі ашаршылықты, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын, 2011 жылғы Жаңаөзен және 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасын, саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы мен өзге де саяси астары бар кісі өлімдерін қайта зерттеумен шұғылданатын тәуелсіз комиссия құрады» екен. Болат Әбілевтің айтуынша, олар Қазақстанды Ресейге тәуелді ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан, Еуразия экономика одағынан шығуды көздейді. Сонымен қатар, жеке басқа табынуды тоқтатып, Нұрсұлтан Назарбаев атымен аталатын барлық нысандардың атын өзгертпекші: Қазақстан атауын Қазақия, Нұр-Сұлтан қаласының атауын Алаш-Орда деп өзгерту жөнінде де бастама көтермек.

Жиында Болат Әбілев партияның экономикалық-әлеуметтік бағдарын нақтылаған жоқ. Партияның саяси бағыты жер-су аттарын өзгерту, тарихи баға беру секілді жұрттың көңілін бір мәрте елеңдетіп қоятын популизмге ойысқан. Партияның атауының орысша аулдармасы құлаққа жағымды есітілетін шығар, бірақ «біздің таңдау» деген қазақшасы түсінікті тіркес емес. Бұл да партияның орысқол екенін білдірсе керек. Оның үстіне қазір қазақтар саясиланған ұлт болып қалыптасты, ал орыстілді қазақстандықтар саясатқа немқұрайлы. Мұны да Әбілев ескеріп отырған жоқ. Болат Әбілев саясаттан «шығармашылық жоспарын жүзеге асырғысы келетінін» мәлімдеп кеткен тұста оның «Азат» атты тіркелген партиясы бар еді. «Азат» бірнеше жыл бойы партиялар реестрінде тұрды.Бірақ, Болат Әбілев «Азатты» қайта жаңғыртуға күш салмай отыр. Кейбір сарапшалар бұл партия қазіргіден басқа олигарх топтың саяси жабасы екенін айтады. Яғни, қазір Әбілевке мүлде басқа саяси күштер иек артып отыр. Сондықтан ол жаңа саяси жобаның шеңберінен шықпай әрекет етеді.

Берік Мыңжасар

Айдары: Текемет 16.05.2022 102

Қатысты мазмұн