Қытайдан келген Салтанат Құсманқызы 8 жылға қайта сотталды

none

Жоғарғы сот Қытайдан келген қазақ Салтанат Құсманқызына қатысты бас прокуратура шағымын қанағаттандырып, оны сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы оның адвокаты Айман Омарова Facebook желісінде хабарлады.

Салтанат Құсманқызы 2019 жылы "Ас-ай ЛТД" компаниясынан "77 млн 400 мың теңгені алаяқтық жолмен жымқырды" деп айыпталып, Алматы қаласы Бостандық аудандық соты шығарған үкіммен 8 жылға сотталған еді. Кейін 2020 жылы сәуір айында Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасының шешімі бойынша босап шықты. Ол кезде сот "қылмыс құрамының болмауына байланысты" Құсманқызын 419-бап бойынша ақтап, "кәсіби міндетіне немқұрайлы қарағаны үшін" (бастапқы "Алаяқтық" бабы кейін "Міндетіне адал қарамау" бабымен өзгертілген) 2 жылға бас бостандығынан айырған. Қылмыстық кодекске енген өзгерістерге сәйкес, Құсманқызының түрмеде отырған әрбір күні екі күнмен есептеліп, қамаудан босап шыққан.

Бірақ 2020 жылы 23 қарашада бас прокуратура Жоғарғы сотқа Салтанат Құсманқызының ісін қайта қарауға шағым түсірген.

Құсманқызы 1980 жылы Қытайдың Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1999 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы политехникалық университетін инженер-бағдарламашы мамандығы бойынша бітірген. 2005 жылдан "Ас-ай ЛТД" компаниясында жұмыс істей бастаған.

Құсманқызы жұмыс істеген "Ас-ай ЛТД" компаниясы Қытайдан ауыр жүк техникалары мен оның қосалқы бөлшектерін әкеліп сатумен айналысады.

Құсманқызы Қазақстан азаматтығын 2000-жылдардың басында алған.

Айдары: Найзағай 20.01.2021 47

Қатысты мазмұн