Қуандық Бишімбаев - рецидивист

none

«Есектің артын жуып тапқан малдан» блогерлерге қайыр бар ма? Адам өлтіру ісі бойынша күдікке ілініп тергеліп жатқан Қуандық Бишімбаевты «сүттен ақ, судан таза» қылып ақтап алғысы келетін блогер мен журналист әлеуметтік желіде көбейіп кетіпті. Ақтағыш-жақтағыштардың қатарында мүйізі қарағайдай журналистер, блогерлер, қоғам белсенділері жүр. «Тілде сүйек жоқ» деген сөз рас екен...

Сірә, Бишімбаевтың «түктіқолды» туыстары әзірге күдікті Қуандықты қорғау үшін ақша топтастырып арнайы қор құрып алған сияқты. Ірі шенеуніктер сотталғалы жатқанда қолданылатын мұндай «тәжірибе» бұрыннан бар. Жалмауыз-жауыз атаулыны ақтайтын-жақтайтын қоғамдық пікір түзіп, сол арқылы сотқа ықпал ету үшін сол қордан блогерлер мен журналистерге қаржы беріліп жатыр. Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісінде тура сондай жағдай орын алды, бірақ бұл жолы оны қанша жерден ақтап-жақтасаң да, оның жазасын жеңілдету мүмкін емес.

Біріншіден, Қуандық Бишімбаев жаңадан үйленген әйелі Салтанант Нүкенованы абайсызда өлтіріп алған жоқ. Бұл қылмыстың сипатында өшпенді жауыздық, адамдықтан безініп қорлап-қинайтын қатыгездік бар.

Екіншіден, Қуандық Бишимбаев ірі шенеунік болып тұрғанда, 2017 жылы 1 млрд теңге жымқырғаны үшін 10 жылға сотталған. Астана сотының шешімі бойынша, ол жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуі керек еді. Дегенмен, 2018 жылы Төлеби аудандық соты Бишімбаевтың өтінішін қанағаттандырып, оны жалпы режимдегі колонияға жіберді. Ал келесі жылы, Шымкенттің Абай аудандық соты Қуандық Бишімбаевты шарты жазамен түрмеден босатып жіберді. Міне, қылмысқа сай жазаның толық өтелмеуі қоғамға қауіпті, одан да ауыр жаңа қылмысқа тудырды. Егер Қуандық Бишімбаев қатаң режимдегі түрменің тәшпішін көріп қиналғанда, түрмеден шыға сала төсек жаңартпас та еді, жап-жас әйелін қорлап-қинап өлтірмес те еді... Оның санасында «қандай қылмыс жасасаң да, ақшаң көп болса соны беріп құтылып кетесің» деген жаман ой орнығып қалған сияқты. Дегенмен, ол осы жолы қанша қаржысын блогерлерге олай-бұлай шашса да, қатаң режимдегі түрме жазасынан құтылып кете алмайды. Себебі, ол – рецидивист, бұл жолы аса қатыгездікпен адам өлтірді. Оны жақтап, ақтап аламыз дегендердің әрекеті құр далбаса...

Ораз Әлімбеков

(материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Бақ-бақ 23.02.2024 78

Қатысты мазмұн