
Бүгін, 22 қарашада Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау қорытындысын хабарлап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 81,3 пайыз дауыс алғаны туралы алдын ала қорытындының расталғанын жариялады. Кеше 21 қарашада ОСК таратқан алдында ала сайлау қорытындысы да осы мәліметті көрсеткен.
"Кеше біз президент сайлауының алдын ала қорытындысын жарияладық. Енді барлық шешім негізінде біз 20 қарашада өткен президенттің кезектен тыс сайлауын қорытындылай аламыз. Жалпы 8 300 046 адам сайлауға қатысты, бұл жалпы сайлаушылардың 69,44 пайызы.
Дауыс беру қорытындысы бойынша кандидаттар:
Қарақат Әбден - 206 206 дауыс немесе 2,6 пайыз; Нұрлан Әуесбаев - 176 116 дауыс немесе 2,22 пайыз; Жигули Дайрабаев - 271 641 дауыс немесе 3,42 пайыз; Мейрам Қажыкен - 200 907 дауыс немесе 2,53 пайыз; Қасым-Жомарт Тоқаев - 6 456 392 дауыс немесе 81,31 пайыз; Салтанат Тұрсынбекова - 168 731 дауыс немесе 2,12 пайыз дауыс", - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Әбдіров осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғанын айтты.
ОСК мүшелері сайлау қорытындысымен хаттамаға қол қойды.