Қазақстанда мемлекеттік жоғары оқу орындарын жекешелендіруге тыйым салынады

none

Сенат 100 пайыз мемлекеттік ЖОО-ны жекешелендіруге тыйым салатын заң жобасын қарастырып жатыр. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында жариялады.

Оның айтуынша, Мәжіліс отырысында мемлекет басшысы тапсырмаларын заңнамалық тұрғыда бекітетін, білім беру үшін маңызды нормалар қамтылған заң жобасы қабылданған.

"Жоғары оқу орындары мемлекеттік кәсіпорындардан акционерлік қоғамдарға өзгергеннен кейін академиялық ортада университеттерді жекешелендіруге байланысты түсініспеушіліктер пайда болды.

Әсіресе, бұл мәселені әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сәтбаев университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ оқытушылары көтерді.

Мәселені түпкілікті шешу үшін заңға түзетулер енгізуге бастамашылық жасадық. Енді мемлекеттің 100 пайыз меншігіндегі жоғары оқу орындарын жекешелендіруге мүмкіндік болмайды, демек бұл университеттер мемлекеттің меншігінде қалады.

Бұл заң жобасы енді Сенатта қаралатын болады, егер сенаторлар қолдаса, Мемлекет басшысының қарауына жіберіледі", - деді Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, тағы бір түзету ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мемлекеттік тапсырысқа қатысты. Аймағамбетовтың айтуынша, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны көбейген. Оларға жеке түзету бағдарламасы қажет, бірақ мамандандырылған орталықтар жетіспейді.

"Енді бұл норма мемлекеттік емес ұйымдарға осындай қажет орталықтарды ашуға және көрсетілген қызметтер үшін бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік береді.

Бұл механизм жеке балабақшалардың қызметімен бірдей. Дәл осындай тетік арқылы балаларды мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен қамтуды бірден арттырған едік", - деп жазды ол.

Айдары: Найзағай 30.04.2021 58

Қатысты мазмұн