Қазақстанда қылмыстық кодекстің 13 бабынан өлім жазасы алынады

none

Сәрсенбі, 13 қазанда мәжіліс Қылмыстық кодекске өлім жазасына қатысты түзетулер енгізу жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жоба "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Заң жобасы Қазақстан ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамасына сәйкес әзірленген. Осыған дейін Қылмыстық кодексті аталған хаттамаға сәйкестендіру тапсырылған.

Құжат өлім жазасын тек соғыс кезінде жасалған ерекше ауыр қылмыстарға байланысты қолдануды ұсынады. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиевтің айтуынша, Қылмыстық кодекстен өлім жазасына қатысты 13 бап алынады, төрт бап қалмақ.

"Бірінші, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алынады. Екінші, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыс ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі. Қылмыстық кодекстің 4 бабында осы жаза сақталады. Атап айтқанда, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекетімен байланысты болып, соғыс кезінде жасалуы қажет. Басқыншылық соғысты жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу және соғыс уақытында жасалған геноцид. Бұл баптар аталған қылмыстардың ауырлығын ескеріп, соғыс уақытында көп адамды өлтіргені үшін жауапқа тартуды көздейді" деді ол.

Жоба авторларының айтуынша, Қазақстанда 90-жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған. 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 18 бабында қалған. Ал 2014 жылғы заңнамалық өзгерістерден кейін Қылмыстық кодекстің 17 бабында ("мемлекетке опасыздық жасау", "терроризм", "соғыс уақытында жасалған ауыр қылмыстар" және т.б) сақталған. Қылмыстық кодексте бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қастандық жасағандарды да өлім жазасына кесу де қарастырылған.

Құқық қорғаушылар билікті бірнеше рет өлім жазасын алып тастауға шақырған.

Айдары: Найзағай 13.10.2021 48

Қатысты мазмұн