Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құрамына кіруді жоспарлап отырған жоқ

none

Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Facebook парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапарынан кейін Қазақстанның одақтас мемлекеттерге қатысты көзқарасы туралы пікір білдірді.

"ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді. Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым аясында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс", - деп жазды Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында.

Сонымен қатар ол түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалғанын айтты.

"Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент. Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды. Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ" - деп жазды Руслан Желдібай.

Айдары: Найзағай 26.05.2023 28

Қатысты мазмұн