Израиль Сирияға шабуылдады

none

Сирияда Израиль күштерінің шабуылынан Башар Асад пен одақтас ел әскерінің кемінде 40 сарбазы мерт болды. Ондаған адам жараланды. Бұл мәліметті Азаттықтың Иран қызметі - Фарда радиосына сириялық әскери дереккөзі хабарлаған.

Reuters мәліметінше, израильдіктер Ираннан Сирияға әскер мен қару-жарақ тасымалдайтын бағытты нысанаға алған. Америка барлау қызметіндегі жоғары лауазымды тұлға сөзіне сүйенген Associated Press агенттігі операцияның АҚШ барлау қызметінің деректері негізінде жүргізілгенін жазды.

Британдық құқық қорғаушылардың мәліметіне қарағанда, ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс армиясы) Ирак шекарасына жақын Дейр-эз-Зор қаласының шығысында 20 шақты соққы берген.

Қаза болғандар мен зардап шеккендердің ұлты айтылмайды. Алайда бақылаушылар аталған аумақта "Хезболла" және "Фатимиюн бригадасы" құрамында соғысып жатқан тегі ауған ирандық әскер шоғырланғанын айтады.

Шабуылды Израиль жасағанын Дамаскіге қарайтын SANA агенттігі де растайды. Шабуыл жайлы басқа мәлімет жоқ.

Израиль қорғаныс министрлігі түсініктеме бермеді. Тель-Авив жалпы аймақтағы әскери-әуе операциялары жайлы хабарламаны сирек таратады. Соған қарамастан кейінгі жылдары Израиль әскері Сирияда Иран күштерінің бекуіне жол бермес үшін бірнеше жүз шабуыл жасаған деген дерек бар.

Асад Ресей және Иран көмегімен көтерілісшілерді елдің біраз бөлігінен тықсырған. Соның салдарынан көп адам қаза болды, мыңдаған адам босқыншылап кетті. Бірақ Идлиб провинциясы Асад бақылауына өткен жоқ. Онда Түркия дем берген қарулы оппозицияның ондаған мың жасағы шоғырланған.

Айдары: Найзағай 14.01.2021 24

Қатысты мазмұн