Иран вице-министрі мен депутатына коронавирус жұқты

none

Иранның денсаулық сақтау вице-министрі (сол жақта) мен депутаттан (оң жақта) коронавирус табылды. 25 ақпанда екеуі жеке мәлімдеме жасады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ирадж Харирчи Тегерандағы видеоконференция кезінде жөтеліп, бетін сүртті.

"Түнде дене қызуым көтеріліп, түн жарымында жүргізілген сынақтың алдын ала қорытындысы вирус жұққанын растады. Мені көпшіліктен алшақтатты. Бірнеше минут бұрын сынақтың түпкілікті қорытындысы шықты. Дәрі қабылдай бастадым" деді ол.

Депутат Махмуд Садехи Twitter аккаунтында "Коронавирус бойынша тапсырған сынақ вирус барын көрсетті...Әрі қарай өмір сүрем деп айта алмаймын" деп жазды. Ол сонымен бірге Иран билігін түрмеден саяси тұтқындарды босатуға шақырып, вирус тарап жатқан шақта олардың отбасымен бірге болуы қажет екенін айтты.

Өткен жылы Садехи үкіметті эпидемияға қажетті дәрежеде назар аударып отырған жоқ деп сынаған. Ол билікті ақиқатты жасырмай айтып, қоғам сеніміне қол жеткізуге шақырған.

Ресми дерек бойынша, Иранда коронавирустан 16 адам көз жұмған, 95 адамнан вирус табылған. Көптеген адамдар Тегеран статистиканы төмендетіп көрсетіп отыр деп санайды.

Денсаулық сақтау саласы сарапшылары Иран, Италия және Оңтүстік Кореяда вирусты жұқтырғандар мен көз жұмғандар санының күрт артуына алаңдап отыр. Жалпы әлем бойынша вирусты жұқтырғандар саны 80 мыңнан асты, шамамен 2700 адам қайтыс болған, олардың басым бөлігі Қытайда тіркелген.

Айдары: Найзағай 26.02.2020 15

Қатысты мазмұн