Денсаулық министрі: бір айлық қатаң карантин індетті тоқтатудың тиімді жолы

none

29 маусым күні Ақордадағы жиналыста денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус індетін тоқтату үшін елде екі аптадан бір айға дейін қатаң карантин енгізуді ұсынды.

Министрдің сөзінше, карантин енгізілмесе елде тамыздың аяғында күніне 27 мың адам вирус жұқтырып, ауруханаға жатқызылады және төсек-орын мұқтаждығы 300 мыңға дейін өседі. Ал екі апта карантин енгізсе, тамыздың соңына таман күніне 8 мың адам дертке шалдығып, ауруханаға жатады, стационарда 80 мың орын керек болмақ. Бір айлық карантин енгізсе, тамыздың аяғына таман күніне вирус жұқтырған 2,5 мың адам ауруханаға түседі және 30 мың орын қажет болады.

Цой бір айлық карантин індетті тоқтатудың “тиімді жолы” деп санайды. Министр індетпен күресудің үш кезеңдік жоспарын ұсынды. Жоспар екі апталық дайындық кезеңінен, екі аптадан төрт аптаға дейінгі карантиндік кезеңнен және посткарантиндік кезеңнен тұрады.

“Дайындық кезеңінде денсаулық сақтау жүйелерін ресурспен қамту, халықтың медициналық көмекке өткір мұқтаждығын қанағаттандыру және медициналық қызметкерлерді ұйымдастырушылық дайындау қажет” деді Цой.

Министрдің айтуынша, карантин инфекцияның халық арасында жаппай тарауын тежейді. Цой елде пневмонияның да өршіп кеткенін айтты.

“10 маусымнан бері COVID-19 ауруының клиникалық белгілері бар, бірақ ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайларының едәуір өскенін байқап отырмыз. Соңғы күндері мұндай пневмония жағдайларының тәуліктік көрсеткіші 2,5 мыңға жетті. Біздің сарапшылар эпидемиологиялық ахуал өрлеуінің үш сценарийі бойынша вирус жұқтыру саны мен қажетті инфрақұрылым жөнінде болжам жасады” деді ол.

Цойдың сөзінше, қанша уақыт карантин енгізетінін коронавируспен күрес бойынша мемлекеттік комиссия жақын күндері шешеді.

Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандарды жерлеудің тәртібі өзгерді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

“Қайтыс болғандарды жерлеу халық үшін маңызды мәселе болып отыр. Қазіргі тәртіпке өзгеріс енгізілді. Енді марқұмдарды барлық санитарлық талапты сақтай отырып, кез-келген зиратқа жерлеуге болады” деді министр орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Осыған дейін коронавирус жұқтырып, салдарынан қайтыс болған адамдар арнайы зираттарға жерленіп келген.

29 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус тарауының үдеуіне байланысты үкімет мүшелерімен жиналыс өткізіп, бір топ шенеунікке сөгіс және ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданды. Сол жиында Тоқаев үкіметке наурыз-мамырдағыдай қатаң карантин шараларын қайтаруға тапсырма берген.

Елде вирус жұқтырғандар 40 мыңға жуықтап, 188 адам коронавирустан қайтыс болды.

Айдары: Найзағай 30.06.2020 57

Қатысты мазмұн