Беларусь Украинаны "шекара бұзды" деп айыптады

none

Беларусь қорғаныс министрлігі жексенбі күні Украинаның әскери атташесіне "Украина әскери қызметкерлері белорустың мемлекеттік шекарасын өтіп, әуе кеңістігін бұзды" деген қарсылық нотасын тапсырды.

Минскінің айтуынша, Украинаның Ми-8 тікұшағы Новая Рудня елдімекені тұсында белорус шекарасынан өтіп, бір шақырымдай ішкері кеткен. Қорғаныс министрлігі Украина шекараға таяу тұста әскери жаттығу өткізіп жатыр деп мәлімдеді.

Украина шекара қызметі шекара бұзылған жоқ деп санайды. Украина Беларусьпен шекарада оқу-жаттығу жиыны жүріп жатқанын растайды, оны Таяу Шығыстан келетін мигранттардың шекарадан заңсыз өтуіне жол бермеу үшін жасалып отыр деп түсіндіреді.

Бұл тартыс Киев пен Минск қатынасы нашарлаған кезде шығып отыр. Украина "жаппай қарсылық акцияларын күшпен басты" деп Александр Лукашенко режиміне санкция салған еді.

Оған егескен Лукашенко "аннексияланған Қырым түбегі Ресейдің жері" деп санайтынын және "Украина Ресеймен конфликтіге баратын болса, Беларусь бір шетте қалмайтынын" мәлімдеді. Украинаның бірқатар саясаткерлері мен сарапшылары Ресей Укринаға шабуыл жасаса, белорус жерін де пайдалануы мүмкін деп қауіптенеді.

Айдары: Найзағай 06.12.2021 50

Қатысты мазмұн