Бас мүфтидің інісі не бүлдірді?

none

Жақында Алматының Алмалы және Әуезов аудандарына қарасты мешіттердің дін қызметкерлері арасында «ҚМДБ концептуалды құжаттары» кітабының аясында және Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқудан конкурс өтті. Діни білім сайысында жүлделі орынға іліге алмай, (яғни сұрақтың бәріне мүдірмей жауап бере алмаған) тек ынталандыру сыйлығына ие болғандардың ішінде Мэлс Таған деген молданың есімі аталды. Былайғы жұртқа Мэлс есімі белгісіз. Ол өзінің шын атын жасырып «Мұсабекпін» деп танысады. Әлеуметтік желіде өзін Мұсабек Тағанұлы деп жазады. Мэлс молда материалист һәм атеист-коммунистерден - Маркс-Энгельс-Ленин-Сталиннен іргесін аулақ салу үшін азан шақырып қойған есімінен жеріп жүр ме, әлде, мұнда басқа гәп бар ма, ол жағын анықтау қиын болып тұр.

text

text

Мэлс – ҚМДБ төрағасы Бас мүфтиі Наурызбай Тағанұлы Өтпеновтің туған інісі. Қазір ол - Алматыдағы «Ақсай» мешітінде 1-ші наиб имам екен. ҚМДБ жарғысының 13.16 тармағы бойынша, 1-ші наиб имам деген діни лауазым жоқ. Мешітте бас имам болады, одан бөлек наиб имам (имамның орынбасары), есепші, іс басқарушы және азаншы деген қызмет бар. Яғни, мешіттің бас имамының жалғыз орынбасары – наиб имам болады.

text

«Ағасы бардың – жағасы бар» деген осындай болады. Бас мүфти Наурызбай Өтпенов інісіне ұйым жарғысында жоқ 1-ші наиб имам деген лауазымды беріп, басқа наиб имамдардан бір саты биікке көтеріп, жарылқап тастады. Әншейінде ныспысындағы Тағанұлы деген сөзді шегелеп қоятын Бас мүфти інісін қызметке тағайындау жөніндегі бұйрыққа қол қойғанда әкесінің есімін өшіріп тастап, жай ғана «Наурызбай қажы Утпинов» деп жазды. Бұл Мэлстің өз інісі екенін жұрттан жасыру ма, әлде, мұнда басқа гәп бар ма, бұл жағы түсініксіз болып тұр. Жалпы, Өтпеновтар әулетінде жасырынбақ ойнау дәстүрге айналған секілді. Мэлс пен Наурызбайдың әкесі Таған да шетелден Алматыға келген туристерге «есімім Нияз» деп танысқан.

Бас мүфти Наурызбай Өтпенов ҚМДБ жарғысын бұзудан алдына жан салмай келеді. Ол жарғыдағы «мүфти.... араб тілін де жетік білуі тиіс» деген талапқа сай емес. Бас мүфтидің арабшасы нашар екені видео фактімен дәлелденген. Ол Құранды да қате оқиды. Бұл да видео фактімен дәлелденген. Енді Бас мүфти бауырына бұра тартып, ҚМДБ жарғысында жазылмаған «1-ші наиб имам» деген жоқ лауазымды інісіне беріп отыр.

Мэлс Тағанның білімі жөніндегі мәліметті, оның қайда оқығаны туралы деректі не мүфтияттың сайтынан, не интернет қойнауынан таппайсыз. Мэлс белгілі бір оқу орнын бітірді ме, әлде ол арабшасы өте нашар һәм діни сауаты шала ағасынан молдалықты үйреніп алған ба, ол жағы бір Аллаға аян. Мэлс Тағанның Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу конкурсында жүлделі орын ала алмай қалуынының себебі осында болса керек.

text

Мэлс молда туралы жағымсыз екі мәлімет бар. Ол екі жағдайда да бас пайдасын ойлап, әділетсіз қылық жасаған. Мэлс Таған «Ақсай» мешітінің 1-ші наиб имамы қызметіне кірісе сала мешіт ауласындағы дүңгүршікте діни рәміздерді сатып күнелтіп отырған әйелге озбырлық жасады. Ол дүңгіршекті елу мың теңгеге жалға алып отырған әйелді шақырып алып, «аренданы екі есеге көтерем, төлесең, төле, төлемесең орынды босат» деген өктем талап қойған. Азын-аулақ тиын-тебенмен бала-шағасын асырап жүрген келіншек ондай ақыны карантин кезінде тауып бере алмайтынын айтып, рақым етуін сұрап жалынған. Мэлс міз бақпапты. Амалы таусылған келіншек бейнежазба түсіріп, көпшіліктен көмек сұраған. «Бейнежазба тарап кетіп, мүфти ағам екеуміз де масқара болармыз» деп қорыққан Мэлс Таған әлгі әйелмен келісімге келіп, бейнежазбаны өшіріп тастауын өтінді. Бірақ, кеш қалды. Бұл бейнежазба тарап үлгеріп, оны көрген жамағаттың ашу-ызасын тудырды. Мешітке түсетін есепсіз садақаны, қалталы кәсіпкерлердің зекетін, қайырымдылық қаржысын қанағат қылмай, бейшара әйелді зар илетіп, нанына ортақтаспақшы болған имамды иманды жан деп айтуға бола ма?..

Діни басқарма Бас имам Наурызбай Өтпеновке арнап, «Алматыға келгенде қызметтік көлік ретінде мініп жүрсін» деп «Хьюндай Элантра» маркалы машина сатып алып қойған. Бас мүфтиге арналған қызметтік көлік Алматыдағы орталық мешіттің тұрағында астанадан іс-сапармен келетін егесін күтіп қаңтарылып тұруы тиіс. Алматының бас имамының сөзін құлағына қыстырмайтын Мэлс Таған әлгі қызметтік көлікті әкесінен қалған мұрадай мініп жүрген. Бұл кезде Мэлс Таған Талғардың бас имамы қызметінде еді. Әбден аспақтаған ол сол көлікті айдап бара жатып Алматы-Талғар тасжолында жол ережесін бұзып, апатқа ұшыраған. Бірақ, «көліктің рөлінде басқа молда отырды» деп әкімшілік жауапкершіліктен құтылып кеткен. Қазір Бас мүфтиге арналған Алматыдағы қызметтік көлікті Наурызбай Өтпеновтың туған күйеу баласы Берекет деген жігіт жекеменшігіндей мініп жүр...

Міне, Бас мүфти мен оның туыстарының тірлігінің сиқы осындай. Бұған қарап дін атын жамылып, адамның асыл сенімін саудаға салған молдалар туралы хакім Абайдың:

Наданның көңілін басып тұр

Қараңғылық пердесі.

Ақылдан бойы қашық тұр,

Ойында бір-ақ шаруасы, –дейтін өлең жолдары еріксіз еске түседі.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 14.10.2021 2190

Қатысты мазмұн