Байбек депутаттардың жария рейтингі ашылғанын айтты

none

Байбек депутаттардың жария рейтингі ашылғанын айтты.

"Өздеріңіз білетіндей, Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Nur Otan партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракцияларының депутаттарын кешенді бағалауға арналған электронды платформа алғаш рет пилоттық режимде іске қосылды", - деп жазды Байбек Facebook парақшасында.

Партия төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, бұған дейін үлкен дайындық жұмыстары жүргізілген. Депутаттар рейтингін қалыптастыру ережесі әзірленіп, саяси кеңес бюросының шешімімен бекітілді, ақпараттық жүйе құрылды, деректер базасы цифрландырылды және т.б.

"Рейтингтің енгізілуі партия депутаттарының қызметін белсенді етуге, тұрғындармен кері байланысты нығайтуға және елді мекендерде сайлауалды уәделерді орындау тиімділігін арттыруға жүйелі серпін береді. Еске салайық, 2,7 мың депутат 217 сайлауалды бағдарламаның қоғамдық-партиялық мониторингіне дербес жауапты.

Елбасы, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, "бүгінгі таңда қоғам депутаттарға ерекше талап қойып отыр: олар азаматтардың мүддесін қорғап, халық пен мемлекет арасындағы көпір болуға тиіс", - деп қосты ол.

Байбек өңірлерге іссапар аясында нұротандық депутаттармен кластерлік жиындар өткізіп, өңірлік сайлауалды бағдарламалардың орындалуы мен рейтингтік жүйені енгізу мәселелерін талқылағанын айтты.

"Өңірлерден түскен ұсыныстарды ескере отырып, рейтингті жақсарту бойынша өзгерістер пакеті қалыптастырылды. Бүгінгі таңда Nur Otan партиясы саяси кеңесі бюросының шешімімен жұмыстың ашықтығы мен есептілігі туралы қайта қаралған қағидалар бекітілді".

Сондай-ақ ол келесі жылдың ақпан айынан бастап нұротандық депутаттардың рейтингі жария форматта өтетінін айтты. Тілек білдірген әрбір адам нақты халық қалаулыларының жұмысымен танысып, көкейтесті мәселелерін шешу үшін сауалдарын қойып, жауап ала алады, деп жазады Tengrinews.

"Бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Елді тыңдау" тұжырымдамасын және мемлекеттік жүйенің одан әрі ашықтығы мен жариялылығы курсын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді", - деп түйіндеді Байбек.

Айдары: Найзағай 19.11.2021 134

Қатысты мазмұн