
Бүгін, үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда қанттың не себептен қымбаттағанын түсіндірді.
Министрдің сөзінше, қанттың қымбаттағаны Қазақстанға емес, әлемдегі бағаға байланысты.
-Қант - биржа тауары. Сондықтан қант бағасы биржадағы саудаға тәуелді. Мысалы қант құрағының бағасы Лондон биржасында, қант бағасы Нью-Йорк биржасына анықталады. Қазір қант бағасының қымбаттағаны әлемдік тенденция болып тұр. Сол себепті зауыттарымызда да баға көтерілді,- деді ол.
13 мамырда ауыл шаруашылығы министрлігі 6 айға дейін қант экспорттауға тыйым салған еді.
Қарашөкеевтің бүгінгі сөзіне қарағанда, Қазақстан жылына небәрі 2-3 мың тонна ғана қант экспорттайды.
-Азын-аулақ экспортымызды өзімізде қалдырайық дедік. Өйткені Қазақстанның шекара аймағында көршілес елдерге қарағанда қант арзандау болып тұр,- деді ол.
2021 жылы Қазақстан 506,9 мың тонна қант және құрақ қантын шетелден сатып алған. Оның жартысынан астамы яғни, 275,8 мың тоннасы Ресейден әкелінген.