Арыстанбек Мұхамедиұлының үкімі өзгеріссіз қалды

none

2023 жылғы 14 қыркүйекте Астана сотының апелляциялық алқасы Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Алқаның шешімін төрағалық етуші судья Мұрат Солтыбаев оқыды.

"Мұхамедиұлының, Нұразханның, Көшеновтың, Сәдуақасованың кінәсі толық дәлелденді. Сотталғандар мен олардың қорғаушылары апелляциялық шағымда келтірген уәждері соттың зерттеу нысанасына айналды және расталмады. Барлық дәлелдемелерге сот тарапынан тиісті баға берілді. Сотталғандарды ақтау немесе олардың әрекеттерін қайта саралау үшін негіз жоқ" деді судья Мұрат Солтыбаев.

Бұл ретте апелляциялық алқа Айым Сәдуақасоваға қатысты Астана қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының 2023 жылғы 20 маусымдағы үкімін өзгертті.

"ҚР ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес Сәдуақасоваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі және 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша тағайындалған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылға кейінге шегерілді. Сәдуақасоваға қатысты бұлтартпау шарасы жойылып, дереу қамаудан босатылсын" деді судья Мұрат Солтыбаев.

Сот алқасы Сәдуақасова жалғыз басты ана болғандықтан жазасын кейінге қалдыру туралы шешіммен келісті. Бұл шешім оның кішкентай баласының мүддесі үшін қабылданған. Енді Айым Сәдуақасова тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне тіркелу үшін келуге міндетті. Егер ол ҚР 74-бабының 2-бөлігінің талаптарын бұзса (баланы тастап кетсе, тәрбиелеуден жалтарса немесе екі рет жазбаша ескертуден кейін қоғамдық тәртіпті бұзса), шегеру мерзімі жойылады және ол орташа қауіпсіздік мекемесіне орналастырылады.

Дереккөз: Zakon.kz

Айдары: Найзағай 14.09.2023 5

Қатысты мазмұн