
Алматы полициясы үш баласымен 9-қабаттан секіріп кеткен әйел неге мұндай әрекетке барғанын атады. Полиция мәліметінше, әйелдің өз-өзіне қол жұмсауына тұрмыстық негіздегі жанжал себеп болған.
Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, оқиға 22 қарашада түс ауа "Жетісу" ықшамауданында болған.
"Тергеудің осы кезеңінде 9-қабаттан үш баласымен секіріп кеткен әйел неге мұндай әрекетке барғаны анықталды. Отбасылық-тұрмыстық қатынас негізінде жұбайымен жанжал болған. Ол өз-өзіне қол жұмсау туралы хат қалдырған", - делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін Алматыда әйел кішкентай үш баласымен 9-қабаттан секіріп кеткені хабарланған болатын. Оқиға орнында әйел мен екі бала қаза тапты. Жедел жәрдем көлігінде тағы бір бала қайтыс болды. Кейін куәгерлер оқиға қалай болғанын айтып берді.
Қайғылы оқиға Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде болды. Марқұммен көрші тұрған ер адам оқиға туралы айтып берді.
"Мен оқиғаны көрмедім, бірақ көршілер әйел алдымен үш баланы терезеден лақтырып, кейін өзі секіргенін айтты. Мен бұл отбасымен іс жүзінде сөйлескен емеспін, олармен амандаспаймыз да. Өз алдына жүрген отбасы. 8-қабаттағы көршім олардың үстінен шағымданып жүретінін білетінмін", - деді ер адам.
Әйелдің тағы бір көршісі қайғылы оқиға күндізгі бірлер шамасында болғанын айтты.
"Үш пен жеті жас аралығындағы үш бала жерде жатты. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалуға тырысты, өкінішке қарай, екеуі сол жерде қаза болды. Балалар жалаңаш болды, тіпті олардың біреуінде шалбары да болмады. Мұны көргенде жүрегім ауырды. Ата-ана баласының өміріне осылай қарауы сұмдық", - дейді оқиға куәгері Назар Рефан.