АҚШ "Ашық аспан" келісімінен шықты

none

Жексенбі, 22 қарашада АҚШ "Ашық аспан" жайлы келісімнен шыққанын ресми мәлімдеді. Бұл жайлы хабарлама мемлекеттік департамент сайтында жарияланды.

Алты ай бұрын, 21 мамырда АҚШ 28 жыл бұрын жасалған, бірақ 2002 жылы күшіне енген келісімнен шығатынын мәлімдеген. Бұл келісім бойынша, әр мемлекет өз аумағының үстінен әуе кеңістігі арқылы бақылауға рұқсат береді.

АҚШ келісімнен шығуының себебін Ресейдің құжат шарттарын сақтамауымен байланыстырады. Осыған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейдің Абхазия және Оңтүстік Осетиямен (Ресей оларды тәуелсіз мемлекеттер деп атаса, АҚШ пен көптеген елдер Грузияның аумағы деп санайды) шекарасы маңында әуе кеңістігін бақылауға рұқсат бермегенін айтқан. Бұған қоса, Украинаның аумағы саналатын Қырымда ұшақтарға арналған жанар-жағар май станциясын орналастырғанын хабарлаған.

Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Роберт О'Брайен​ АҚШ қарсыластарға ұлттық қауіпсіздікті пайдаланып, ұтуға мүмкіндік беріп отырған "ескірген" келісімнен шығады деп мәлімдеген.

Ал Ресей СІМ АҚШ шешімін сынаған. Мәскеу "жауап беретінін" айтқан.

Шешімді Вашингтонның НАТО бойынша бірқатар одақтастары мысалы, Германия қолдамай отыр. АҚШ-тың өзінде бірқатар сарапшылар мен саясаткерлер Ресей келісімді бұзса да, АҚШ одан шықпауы тиіс деп есептейді. АҚШ-тағы президент сайлауының жеңімпазы атанған Джо Байден де келісімнен шығуға қарсы болған.

Биыл АҚШ пен Ресей орта және қысқа қашықтықта ұшатын зымырандар туралы келісімшартты тоқтатқан. Стратегиялық шабуылдаушы қарулар (СНВ-1) туралы 2021 жылға дейін күші бар келісім мәселесінде де белгісіздік байқалған. Байден бұл келісімнің мерзімін ұзартуды қолдаған.

Айдары: Найзағай 23.11.2020 20

Қатысты мазмұн