"Алтын орда" базары бағаны қымбаттатып, монополия орнатқан

none

Сауда нарығындағы бәсекелестік туралы заңнаманы сақтау тұрғысынан тексеру нәтижелері бойынша "Altyn Orda QazTrade LTD" компаниясына әкімшілік іс қозғалған. Бұл ақпарат бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сайтында жарияланды.

Агенттік ақпаратына қарағанда "өңірлік прокуратураның қаулысы негізінде Алматы облысы бойынша монополияға қарсы департамент мамандары 2022 жылғы наурызда "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС қызметін тексерген.

"Осы өңірдің сауда қызметтері нарығындағы бәсекелестік жай-күйі талданып, бағаланды. Соның нәтижесінде "Altyn Orda QazTrade Ltd" ЖШС монополия орнатып, бәсекелестік туралы заңнаманы бұзғаны анықталды", - дейді агенттік.

Тексеру қорытындысы бойынша, 2022 жылдың мамыр айында "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС жөнінде әкімшілік іс қозғалып, іс материалдары Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.

Алматы қаласының іргесінде орналасқан, "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС иелік ететін "Алтын орда" базарының бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевқа қатысы бар деп саналады.

Қаңтар оқиғасы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кетіп, туыстары мен серіктері жоғары қызметтерден босаған соң жергілікті БАҚ "Алтын орда" базары "бір де бір рет салық төлемеген" деген ақпарат тарата бастаған.

Ақпан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы және Алматы облысының әкімдеріне үкіметпен бірлесе отырып, "Алтын орда" базарында тәртіп орнатуды тапсырған және екі ай мерзім берген.

Айдары: Найзағай 23.06.2022 48

Қатысты мазмұн