ЖСДП сайлауға бойкот жариялады. Неге?

none

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) 10 қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына бойкот жариялады. Партия сайлау процесін бақылауға да қатыспайды. ЖСДП жетекшілері партияның радикал шешімін «сайлау демократия талаптарына сай өтпейді, сол баяғы ережемен, сол баяғы жағдайда саяси бәсекелестік жасауға мүмкіндік жоқ» деп түсіндірді. Саяси сарапшылар ЖСДП-ның сайлау додасына қатысудан бас тартып, бойкот жариялауын партиядағы саяси және қаржылық дағдарыспен байланыстырады.

ЖСДП 2006 жылы құрылған, Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өткен. 2016 жылы парламент сайлауында ЖСДП сайлаушылардың 1,18 пайыз дауысын алды, сөйтіп 7 пайыздық кедергіні еңсере алмауына байланысты Мәжіліске өтпей қалды. ЖСДП-ны құрып, ұйымды он жылдан астам басқарған Жармахан Тұяқбай былтыр саясаттан кететінін мәлімдеп, орнын журналист Ермұрат Бапиге тапсырып кеткен. Аз уақыттан кейін партия белсенділері Бапиге сенімсіздік танытып, оны партиядан қуып шықты. Олар ЖСДП-ға төраға етіп талай жыл партияның Нұр-Сұлтан қаласы филиалының жетекшісі болған Асхат Рахымжановты сайлап алды. Осы оқиғадан біраз бұрын Жармахан Тұяқбай партия тізгінін Зәуреш Батталоваға беруге қадам жасаған. Партия ішінде үнемі интрига ойнап әдеттеніп қалған Рахымжановтың тобы З.Батталованы да партиядан кетуге мәжбүрлеген. Содан бері ЖСДП ішінде өзара қырқыс толастаған емес. Тоқтаусыз жүріп жатқан саяси интриганың кесірінен партияның аймақтық кейбір лидерлері де ЖСДП-дан сырт айналып кетті. Бұл жағдайды сарапшылар «ЖСДП-дағы саяси дағдарыс тым тереңдеп кеткен» деп бағалап отыр.

Партия жетекшілігінен Жармахан Тұяқбай кеткен соң, ЖСДП қатты әлсіреді. Қалай десек те, Тұяқбай беделді саясаткер болатын. Ол партия жұмысына қажет қаржыны таба білді. ЖСДП қажет деп тапқан саяси науқандарға атсалыса алатын. Жармахан саясаттан кеткен соң, партияның қаржылық жағдайы қатты нашарлады, социал-демократтар күйзеліске түсті: партияның кейбір белсенділері ЖСДП-дан кетіп қалды, аймақтағы кейібір филиалдар жұмысын тоқтатты және т.б.с.с. ЖСДП-ның аты бар да, заты жоқ партияға айналғанына бір жылдан асты. Қысқартып айтсақ, ЖСДП бұл сайлауға дайындықсыз келді. Мұны партияның қазіргі жағдайынан да байқауға болады.

Сайлау заңы бойынша партиялық тізіммен депутаттыққа кандидат болып тіркелу үшін әрбір адам 640 мың теңге шамасында жарна төлеуі тиіс. Сайлауға кететін басқа шығынды былай ысырып қойғанның өзінде, ЖСДП осы қаржыны да таба алмады. Партия маңындағы дереккөздің мәліметінше, қараша айында партия жетекшілері Мәжіліске кемі 30 адам ұсынамыз деп жаныққан. Сол үшін ақшасы бар-ау деген азаматтармен келіссөз жүргізді. Келіссөздің мәні мынада: «қалталы азамат» ЖСДП атынан кандидат болу үшін өзіне 640 мың және тағы бес адамның тіркелу жарнасын төлеуі тиіс болатын. Жоспар бойынша «қалталы» 6 адам тапса, сайлауға қатысуға болатын еді. ЖСДП үшін өкініштісі сол – ондай «ақымақтар» табыла қоймады. Қаржының жоқтығынан депутаттыққа кандидат тіркете алмайтынын кеше, сиездің алдында ғана түсінген ЖСДП басшылары шарасыздықтан түрлі желеу айтып, сайлауға бойкот жариялауға мәжбүр болып отыр.

Өзін оппозициялық партия санайтын ЖСДП партиядағы «саяси дағдарыстың», қаржы жоқтықтың кесірінен туындаған күйзелістің кесірінен наразы электоратты, оппозиялық басқа күштерді өзіне тарта аламады, партияны заң талаптарына сәйкестендіріп жаңғырта алмады. Сайлау заңында мынандай талап бар: партиялық тізімдегі кандидаттардың кемі 30 пайызы 29-дан аспаған азаматтар мен әйелдер болуы тиіс. Бұл талапты орындауға ЖСДП-ның әлеуеті жетпейді, партия тым «қартайып» кеткен, белсенді мүшелердің ішінде әйелдер санаулы, 2-3 адамнан аспайды. Бұл партияның халықпен тығыз жұмыс жасамағанын, бір жыл бойы «ұйқылы-ояу» мәңгіріп жүргенін, сайлауға еш дайындықсыз келгенін көрсетеді.

Партияны жаңғырту мәселесін қозғағанда, қашқын банкир Мұхтар Әбілязовтің «билікке наразылардың бәрі ЖСДП-ға мүше болыңдар, сайлауда ЖСДП-ға дауыс беріңдер» деген бастамасын айта кету керек. Бұл бастама ЖСДП-ның әлеуетін сапалық және сандық тұрғыда біршама жақсартуы тиіс еді. ЖСДП басшылары өздеріне берілген мүмкіндікті «пайдаға асыра» алмады деп айта алмаймыз. ЖСДП жетекшілері оралдық жазушы Алпамыс Бектұрғанов секілді әбілязовшілерді партия мүшелігіне қабылдамай, кеңсе есігін тарс жауып алса да, Жасарал Қуанышәлі, Жарылқап Қалыбай сияқты белсенділермен келісімге келіп, тіпті оларды партияның депутаттыққа кандидаттар тізіміне қоспақшы болған. Дегенмен, олардың кандидаттық жарна - 640 мың теңге төлеуге шамасы келмеді. Парижде жатқан Әбілязов те «жақтастарым үшін жарнаны мен төлей салайын» деген ниет танытпады. Осыдан кейін партия жетекшілері жақын арада қаржы мәселесін шеше алмайтынын түсінген сияқты. Қорыта келгенде, ЖСДП бір жылға созылған саяси дағдарыс пен қаржы жоқтығынан туындаған күйзелістен арыла алмады. Бұған кінәлі – ЖСДП жетекшілері. Партия басшылары өздерінің осы дәрменсіздігін жасырып, оны «бойкот» деген ұранмен бүркелмелеп, саяси додаға түсуден қашқақтап отыр.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 27.11.2020 203

Қатысты мазмұн