«Тұқым сепкіш» Әлтаевтың артында кім тұр?

none

Президент тағынан үміткер ретінде Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) құжат өткізгендердің тізімінде Нұржан Әлтаев тұр. Оны «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсыныпты. «Мұқалмастың» басшылары Әлтаевтың өтірікші екенін айтып, құжатты фальсификация жасағанын мәлімдеді. Қазір бұл дау ушығып тұр. Әлтаев фальш жасаса, жасаған шығар, оған ренжудің мәні жоқ, жаман әдетке еті үйреніп кеткен адамның ұятына қалайша салмақ саласың?!

Әлтаевты президент сайлауына кандидат ретінде ұсынған «Мұқалмас» та «сау сиырдың жапасы емес». Бұдан бұрынғы сайлауда бақылаушы өкілдігін алған «Мұқалмас» сайлаудағы заңсыздықтарды жасырып, ОСК-ның жалтырап қалған артын жабумен шұғылданған. Яғни, өтірік бақылаушы болған ұйым. Сондықтан Әлтаевтың аты «Мұқалмаспен» қатар тұруында ешқандай сөкет әрекет көріп тұрған жоқпын.

«Саясаткер» Әлтаев та «көктен түсетін Иса» немесе «жерді тесіп шығатын Мәді» емес. Ол тіркемек болып жүрген партиясына «Ел тірегі» деген атты қайдан алды?

Олигарх Тимур Құлыбаев тізгіндеп алған «Атамекен» деп аталатын кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бар. Бұл ұйым ірі кәсіпкерлерді ашса – алақанында, жұмса -жұдырығында ұстап отырды. Осы палата еркінсіп кетпесін деп кіші және орта бизнесті де қадағалауына алу үшін 12 жыл бұрын «Ел тірегі» атты заңды тұлғалардың ассоциациясын құрған. Құлыбаев бар, Абылай Мырзахметов бар, сол ассоциацияны Жазира Дүйсебекова есімді бір сұлуға басқартып қойған. Ол Нұржан Әлтаевтың тоқалы деген сыпсың сөз желдей еседі. Қазір Жазира Нұржанның тіркелмеген партиясының төңірегінде жүр.

«Тұқым сепкіш» Әлтаевтың екі-үш әйелден жеті баласы бар, екеуі соңғы тоқалдан. Әлтаев әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тұрғанда «бір баланы асырауға 20 мың теңге жетеді» деп айды аспанға шығарғанын білеміз. Сірә, ол мұнай сатудан құйылып жатқан мол байлықты бала-шағаның аузынан жырып қалып, өзіне қолдау жасап отыратын олигархтардың мүддесін қорғады. Мұндай кезде «байдың малын байғұс қызғанады» дейді. Өзі де бұрынғы әйелі, әйгілі гимнаст Әлия Юсуповаға алимент төлемей талай рет қашқақтады. Жауапкершіліктен жұрдай «тұқым сепкіш» баласының қылығына ұялған Әлтаевтың әкесі ұлының Әлиядан туған екі баласына шамасы келгенше көмектесіп тұрды. Содан кейін Әлтаевтың бұрынғы әйелімен арада туындаған алимент дауы осылайша тынышталғандай болған.

Қазір тура осындай тағы бір даудың басы қылтиды. Әрине, табақ-аяқтың салдырлауы отбасының ішкі мәселесі, Әлтаевтың жеке басына қатысты шаруа шығар. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дегендей ештеңе айтпай, тұмшалап тастауға болар еді. Дегенмен, бұл даудың жалыны тіркелмеген «Ел тірегі» партиясын, Әлтаевтың төңірегіде жүрген біраз адамның бетін шарпын күйдірейін деп тұр. Бізге, қазаққа осындай саясат керек пе? Біздегі саясат, саясаткерлер де «тоқал», бірәтішке», «күйеубала» деңгейінен қашан жоғарылайды?! Әлде, Қазақстандағы саясат о бастан осы үш тағанды тірек қылып құрылған ба?

Oraz Alimbekov

Facebook парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 13.10.2022 104

Қатысты мазмұн