Тайжанның шаңы шықпады, Боқаевтың үні шықпады

none

Мәжіліс сайлауында оңбай жеңіліс тапқан Мұхтар Тайжан бас болып ұйымдастырған митингіні тікелей эфирден көрдім. Мынау бұған дейін жарнамаланғандай Ақорданың зәресін ұшыратын митингіге тіпті ұқсамайды ғой, мамыражай пресс-конференция секілді екен. Қара көбейтіп жүргендер - сайтына контент іздеп келген журналистер мен блогерлер. Егер оларды тай мінген екі баланың мүсінімен қоса шегеріп тастаса, митингішілерді басқа ұрып саусақпен санауға болады.

Сонда сайлауда жеңіліс тапқан экс-кандидаттардан құрылған «Халықтық парламент» мүшелері қайда? Мұхтар Тайжан, Нұражан Әлтаев секілді медиа персоналардан басқа ешкім көзге түспейді. Сайлауда жер тепкілеп жүрген Шораев, Боқаевтар қайда жүр? Олар қайда қашып кеткен? «Жаңа Қазақстанның» жаңа оппозициясы жасарады» деген тезис те өзінің дәлелін таппады. Тайжанның қасында өңкей кәрі-құртаң біреулер жүр. Олар сөзін Алла деп бастап, Алла деп аяқтайды екен. Дәрменсіздер әңгімені осылай айтады.

Осы Мұхтар Тайжанды әлеуметтік желіде қолдайтындар көп, оған сын айтылса, өре түрегеліп, шұбылып кеп коммент жазып кетуші еді. Солар неге Тайжан ұйымдастырған митингіге келмеген? Митинг қала шетіндегі қиырда болса, мейлі ғой, қаланың орталығында болған митингіге Мұхтар Тайжан адам жинай алмады деген саяси тарихта бұрын-соңды болмаған масқара ғой.

Мұхтар Тайжан осы митинг болған жерді қамтитын сайлау округінен Мәжіліс сайлауына қатысқан. Оның айтуынша, сайлаушылардың басым бөлігі Тайжанға дауыс беріпті-мыс. Соған қарамай, билік Тайжанға берілген дауысты ұрлап басқа кандидаттың есебіне жазып жіберіпті-мыс. Мейлі, солай-ақ болсын дейікші, онда дауысы ұрланған сайлаушылар наразылық танытып Тайжанды қолдау үшін мынау митингіге неге келмеді?! Осы сұрақтың өзі-ақ Мұхтар Тайжанның алматылықтар алдындағы авторитеті нөл екенін көрсетпей ме?!

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Түтін 09.04.2023 73

Қатысты мазмұн