Тәуелсіздік: қайғы ма, қуаныш па?

none

Биыл желтоқсан айының 16-17 күндері Алматыда болдым. Тәуелсіздік күнін Алматы халқы қалай тойлайтынын, Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын қалай еске алатынын өз көзіммен көргім келді. Бұл күндері Алматының Республика алаңындағы болатын іс-шараларды бұған дейін де теледидардан көріп, газет-журналдан оқып жүргем. Ал менің сол алаңға барған жұртты көріп, олардың бет-жүзінен әлдебір тарихи тағылымды оқығым келді. Сол үшін Алматыға арнайы сапарладым деп айтпаймын, өзімнің жеке шаруам да бар еді. Шаруамды қара кешке жоспарлап, екі күн қатарынан Республика алаңын айналшықтап жүрдім.

Тәуелсіздік күні Алматыда қат-қабат ерекше оқиға болады. Республика алаңында жүрсең, қала халқы дүрлігіп кеткендей сезімде боласың. Бұл күндері мұндай оқиғаны облыс орталығында да, тіпті, ел астанасы Нұр-Сұлтанда да көрмейсің. Қыстың қысқа күні көкжиектен көтеріле бере гүл ұстаған топ Тәуелсіздік монументі мен Желтоқсан оқиғасына қойылған ескерткішке қарай аяңдайды. Алдымен қала әкімдігі, үкіметтік емес ұйымдар келеді екен. Ресми топтың басшылары онша сөзшең емес, тағзым ету рәсімін жасайды да, кете барады. Соларды қолпаштау ма, әлде өздерінің сайлауалды үгіт-насихаты ма, ол жағын ажырата алмадым, жалауларын желбіреткен «нұротандық» жастар алаңды бір айналып шерулеп өтті.

Осы кезде ұлық мерекені тойлауға старт берілгендей күйге түсіп, елеңдеп қалдым, бірақ көп ұзамай қуанышым су сепкендей басылды. Тәуелсіздік монументі алдына басы салбыраған топ жинала бастады. Олар шоқиып отыра қалып, қазір ғана біреуді бейітке жерлеп тастағандай адамдарша Құран оқи бастады. Құранды белгілі саясаткер Жасарал Қуанышәлі оқыды. Жұрттан ерекшеленбейін деп мен де тізе бүгіп, Құранға ұйыдым. Осы кезде қасымыздан плакат көтеріп ұрандаған жастар өтіп бара жатты. Білгенім, олар оппозицияшыл «Оян, Қазақстан!» атты ұйым екен. Қазақ дәстүрі бойынша, Құран оқылып жатқан кезде айналадағы жұрт сілтідей тына қалушы еді, қазіргі жастар ондай тәрбиені бойына сіңірмепті, «бізді көріңдер» дегендей өңешін жыртып айқайлап бара жатты...

Бұрын оппозиция біртұтас деп ойлайтынмын. Бекер екен. Жасарал Қуанышәлі мен желтоқсаншылардың оқыған Құранына Жанболат Мамай бастаған топ та ұйыған жоқ. Әр топтың басшылары қолдарына дауыс күшейткіш ұстап алып ұрандап жатты, бірі екіншісінің сөзін айқаймен басып тастағысы келгендей күшенеді. Мамай тобының белсендісі Абзал Достиярдың (атын сол жердегі жұрттан сұрап білдім) тарғыл дауысы қатты шықты. Ол әкесіндей желтоқсаншылардың «қой, балам, кезекпен сөйлейік» деген өтінішіне де құлақ аспады, қайта ерегісіп өршеленіп кетті. Соған қарап, оппозициялық топтар алаңға Тәуелсіздікке тәу ету, Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алу үшін емес, өзара күш сынасып, кім мықты екенін көрсетуге келеді-ау деген ой түйдім. Алматы сапарынан кейін мені «Тәуелсіздік мереке ме, қайғырып өткенді еске алатын күн бе?» деген сұрақ мазалады. Қарап отырсам, қайғыда да, қуанышта да бірізділік жоқ. 16 желтоқсан ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздікке жеткен күн болса, неге оны мейрам дәстүріне сай ұлан-асыр той жасап, шаттықпен тойламаймыз?! Бейіт басына жиналған қауымша шоқиып отырып Құран оқитынымыз қалай?! Осы сұрақ жанымды жегідей жеп жатыр...

Сәкен Түсіпбек

Тараз қаласы

Айдары: Түтін 18.12.2020 121

Қатысты мазмұн