Сіз кімсіз, С ханым?

none

Өзін Қытай қазақтарының көсемі санайтын Серікжан Біләшұлының айтақтауымен Германия азаматы Өмірхан Алтын тағдырдың тәлкегімен Швециядан пана тапқан Сайрагүл Сауытбайды ғайбаттай жөнелгенде, таңырқаған жоқпын. «Сайрагүл - Пекиндегі Қытайдың қауіпсіздік қызметімен әлі байланысын үзбеген жансыз» деген оның сөзі де Еуропадағы екі қазақтың ортасына шоқ тастап шағыстыру үшін, «бір оқпен екі қоян атып», саяси бәсекелестерін жуасытып тастап, екі жеп биге шығуды көздеген Серікжанның сұрқия әдіс-айласы екеніне күмәнім болған жоқ. Себебі, бұған дейін Сайрагүлдің кім екенін, оның күрескерлік әлеуеті жөнінде ой түйіп қойғам.

Қытайдың қанды шеңгелінен сытылып шығып, екі шекара бекетін кесіп өткен Сайрагүлдің кім екенін білу үшін оның күйеуі Уәли Исламмен екі-үш ауыз сөз алмасу жеткілікті болды. Ол кезде пана іздеуші куәлігін үш ай сайын создырып жүрген Сайрагүл үйқамақ жағдайында еді, тұрғылықты ауылынан ұзап шыға алмайтын.

Уәлимен «Атажұрт еріктілерінің» офисінде кездестім. Оның отбасыда туындайтын бүткіл проблеманы шаққа келтірмей шешіп тастап, жанұяны алға қарай сүйреп ала жөнелетін көшбасшы емесін бірден байқадым. Қытайдағы өмірін сұрап едім, ашылып ештеңе айтпады. Сонда да қоймай тықақтап сұрап, оның мұғалім болғанын, тіпті мектеп басшылығы қызметіне дейін өскенін біліп алдым. Екі баласын ертіп Қазақстанға қоныс аударудың алдында мүгедектігі бойынша зейнетке шығыпты. Мен оның аяғынан басына қарай шолып шығып, мүгедектігінің себебін сұрадым. Айтуынша, жүйкесі жұқарған, ойлануды талап ететін еңбекпен айналыса алмайды екен. Сол кездегі Қазақстан ақшасына шаққанда Қытай өкіметі оған ай сайын 180 мың теңгеге жуық зейнетақы төлеп тұрды. Қазақстанға Сайрагүл қашып келіп, халықаралық деңгейде шу көтерілген тұста Қытай өкіметі Уәлиге 2-3 ай зейнетақы аудармай қойған. ҚХР-да зейнетке шыққандарға одан кейін әлемнің қай бұрышында өмір сүрсе де зейнетақы төлеп тұру заңда көзделген. Соған сәйкес Уәлидің зейнеткерлік құқығы қайта қалпына келтіріліп, есепшотына төленбей қалған айлардағы зейнетақысын кейінгі айға қосып аударған.

Уәли Ислам Қытай өкіметінен қазір де зейнетақы алып тұратын шығар. Дегенмен, сол үшін Сайрагүлді Қытаймен «байланысын үзбеген жансыз» деп айтыптау негізсіз. Қытай өкіметі Уәлиге тиісті зейнетақысын төлеп қана қоймай, отбасын қорлыққа ұшыратып, қудалағаны үшін көп мөлшерде өтемақы беруге міндетті. Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасаған және әлі күнге жалғастырып жатқан геноцид саясаты ешқашан кешірілмейді, қасірет ақшамен де өтелмейді...

Уәлимен болған кездесуден кейін Сайрагүлдің Қытайдан қашу хронологиясына көз салдым. Оның соттағы және басқа кезде берген түсініктемесін зерттей келе, мынадай ой түйдім: отбасының Қытайдан қашуын жоспарлаған – Сайрагүл. Ол аса сақтық пен құпия жағдайда қашу жоспарының әрбір деталін мұқият ойластырған. Алдымен күйеуін мүгедектігі бойынша зейнетке шығаруға көп күш жұмсады, оған екі баласын қосып, Қазақстанға «сапарлап қайтуға» жібереді. Бара сала үшеуінің де жылдамдатып Қазақстан азаматтығын алуын нықтап тапсырды. Ал өзі шұғыл түрде қызметін тапсырып беріп, бала-шағасының соңынан жетудің қамына кірісті. Оның компартия мүшесі болуы да Қазақстанға өтіп кетуіне кедергі еді. Бұл кезде Қытай билігі Сайрагүлден күдіктене бастады. Көп уақыт өтпей-ақ оны концлагердегі тұтқындарға қытай тілін оқыту үшін мәжбүрлі жұмысқа жекті, басқан ізін аңдумен болды. «Күйеуің мен екі балаң қашан келеді?» деген сұрақтың астына алып қысым жасады. Әрине, Сайрагүл өтірік айтып уақыт созуға тырысты. Жеме-жемге келгенде, Қытай билігі Сайрагүлдің өтірік айтып жүргенін сезген соң, Сайрагүлді абақтыға қамамақ болғанда, ол Қорғас шекара бекеті арқылы Қазақстанға қашып келді.

«Басқан ізі аңдулы Сайрагүл шекара бекетіне дейін қалай жетті, шекараның қытай бекетінен қалай өтіп кетті?» деген сұрақ туады. Ақиқатында, Қытай коррупцияға белшесінен батқан ел. Онда да жауапты қызметкерлерді сатып алу қиын шаруа емес. Сайрагүл – екі баланың анасы. Баласы үшін ана жанкешті әрекеттен тайсалмайды. Оның үстіне, зұлымдық ордасына айналған Қытайдың қанды шеңгелінен құтылу үшін жасалған, отбасын құтқару үшін жасалған кез келген қулық әрекетті ақтап алуға болады.

Қытайдың қанды шеңгелінен құтылып кеткен Сайрагүлдің әрекеті мен оның баспасөзге берген сұхбатын зерделей отырып, оның от басы, ошақ қасындағы проблеманы айналшықтап жүретін қарапайым әйел емес екенін түсіндім. Ол - баласы үшін отқа да, суға да ойланбай қойып кететін көзсіз жанкешті батыл әйел ғана емес, мақсат қоя білетін, сол мақсатқа жетудің жолын, әдіс-айласын бүге-шүгесіне дейін жоспарлай алатын аналитикалық ойы бар адам. Сайрагүлге салқынқандық мінез тән. Ол ешқашан эмоцияның жетегінде кетпейді, бәрін ақылдың таразысына салып барып шешеді. Сондықтан да Сайрагүл отбасының амандығы үшін құрған стратегиялық жоспарды оның барлық кезеңінде қателеспей жүзеге асыра білді.

Сайрагүл жөнінде түйген ойымды бірде Серікжанға айтып, пікірін сұрадым. Ол менің «қатты қателесіп» отырғанымды айтты. Оның ойынша, Сайрагүл - от басы, ошақ қасынан әріні болжай алмайтын әйел. Қытай қазақтарының мінез-құлқын «жақсы білетін» оның бұл сөзі мені Сайрагүлдің әрекетін қайта зерделеуге итермеледі. Сондықтан Серікжанмен келесі бір кездесу кезінде Сайрагүл тұралы түйген ойымды қайталадым. Қытайдың Шыңжаңдағы геноцид саясатына қарсы күресте Сайрагүлдің көп үлес қосатын тұлға бола алатынына сенімді едім. Серікжан тағы менің «қателесіп» отырғанымды айты да, томсырайып қалды. Маған Серікжанның ішін қызғаныш өртеп бара жатқандай көрінді. Дегенмен, Серікжанның бұл қылығын жаман мінезге балаған емеспін. Саясатта амбиция керек, бұл саясаткердің мұқалмас күрескерлігі, табандылығы үшін қажет нәрсе. Бірақ та саяси амбицияны іштарлықпен және күншілдікпен шатастырмаған жөн. Сайрагүл «Батыл әйел» сыйлығын алып, Еуропада ол туралы кітап жазылған соң, Серікжан Біләшұлының саяси амбициясы іштарлық-күншілдікпен тұтасып, ішмерез күйге өтті...

P.S. Келесі мақала "Сіз кімсіз, Ө мырза?" деп аталады.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 09.02.2021 596

Қатысты мазмұн