
Германия азаматы, «Еуропадағы қазақ форумы» атты ұйымы бар Өмірхан Алтынның «Батыл әйел» Сайрагүл Сауытбайды Серікжан Біләшұлының айтақтауымен толассыз ғайбаттауының себебін түсіндіріп көрейік. Ол үшін «Өмірхан Алтын кім?» деген сауалға қысқаша болса да жауап берген жөн.
Өмірханның «Алтын» деген фамилиясынан-ақ оның Түркия қазағы екені көрініп тұр. Ол - өткен ғасырдың ортасында Шығыс Түркістандағы Қытай қырғыны кезінде қашып, Тибет арқылы Үндістан-Пәкістанға өтіп, кейін Түркияны паналаған қазақ босқындарының ұрпағы. Бұл тұрғыдан алғанда ол Сайрагүлмен де, Серікжанмен де жерлес, Қытай қазақтарының проблемасымен айналысуға толықтай қақы бар. Өмірханның керей, Серікжанның найман руынан екенін атап өту олардың арасындағы кикілжіңнің себебін анықтауға ғана керек емес, бұдан былай айтылатын мәселені - Шыңжаңдағы Қытайдың геноцид саясатына қарсы күрес жүргізіп жатқан «Атажұрт еріктілері» ұйымының ішіндегі бітпейтін бықсық интриганы жаймалап түсіндіру үшін де қажет.
Қазақстандағы Қытайдан келген оралмандар мен Шыңжаң қазақтарының мүддесін қорғау үшін құрылған «Атажұрт еріктілеріне» Өмірхан Алтынның дәл қай күннен бастап қолдау білдіріп, осы шаруамен айналысып жүргенін дөп басып айту мүмкін емес. Егер «ұйымның бастауында Қыдырәлі Ораз тұрды, «Атажұрттың» бірінші басшысы - Қыдырәлі» деген куәлікті және Өмірханның Қыдырәлімен бірлесіп етене жұмыс жасағанын ескерсек, онда «Өмірхан Серікжаннан бұрын Қытай қазақтарының проблемасымен айналыса бастады» деп айтуға негіз бар. Себебі Серікжан Біләшұлының «Атажұрт еріктілеріне» жолшыбай, қапталдан қосылған адам екені жан-жақты дәлелдеген.
Қытай қазақтарының адами құқықтарын қорғау ісінде Өмірхан Алтын айтулы еңбек сіңірді. Шығыс Түркістанда қазақтарға Қытай компартиясы қысым көрсетіп, концлагерлерге қамай бастаған тұста Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында президент Нұрсұлтан Назарбаевқа проблеманы ашына айтып жеткізген де Өмірхан Алтын болатын. Ол өзі алыстағы Германия азаматы бола тұра, «Атажұрт еріктілері» қатарында Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған оралмандарға әлеуметтік көмек көрсету акцияларының бел ортасында жүрді. Қытай концлагерлерінің тірі куәcін қасына ертіп алып, Женевадағы БҰҰ мінберінен сөз сөйлеген «Атажұрттың» сол кездегі лидері Қыдырәлі Оразды Еуропада жетекке алып жүрген де Өмірхан Алтын. Қытайдан қашып, Қазақстаннан пана таппай, Швеция елінен босқын мәртебесін алған Сайрагүл Сауытбайды Еуропарламент депутаттарымен кездесуге ертіп барған да Өмірхан Алтын. Бір сөзбен айтқанда, ол «Атажұрт еріктілерінің» және Қытай қазақтарының Еуропадағы арқа сүйер жанашыр ағасы болды.
Қытай коммунистерінің адамдарды бір-біріне айдап салуының жымысқы әрекетін әбден меңгеріп алған Серікжанның шағыстырумен Сайрагүлге күйе жақпақшы болған Өмірханның аңғалдығының бір себебі мынада: оның туып өскен жері Түркия болсын, қазіргі тұрағы Германия болсын, ондағы саясат ашық жүреді. Өмір бойы ашық қоғамда өмір сүрген адам саяси интригадағы «қытай қулықтың» қыр-сырын, әдіс-айласын біле бермейді. Сондықтан ол жымын білдірмей шоқ тастап кететін Серікжанның азғыруына еріп, арандап қалды.
Өмірханның Сайрагүлге қарсы шауып, қаралай бастауының себебі белгілі. Оның ойынша, Сайрагүлдің Еуропада жарық көрген «Қылмыстың ең басты куәсі» (Die Kron Zeugin) атты кітабында «қайраткер Өмірханның еңбегі» ерекше орын алу керек екен. Олай болмады, бұл Өмірханның өзегін өртейтіндей қызғаныш тудырды. Мұнда тағы бір гәп бар: қазақстандық «Демос» құқық қорғау ұйымының жетекшісі, «Зұлмат: Шығыс Түркістанның күйреуі» (Қытай концлагерлеріндегі азапты жағдай жөнінде жазылған) атты зерттеудің авторы, Атыраудың тумасы Тұрарбек Құсайыновтың есімі Сайрагүлдің табақтай кітабында аталып, оның шығармасына бір-екі жерде сілтеме берілді. Қытай қазақтарының проблемасын жеке дара иемденіп, сол арқылы атақ-даңқ алуды армандап жүрген Серікжан мен Өмірханның талағы тарс айырылып кеткен тұс осы болса керек. Әрине, Серікжан – сұмдығын ішіне жасыра алатын қу, Өмірхан – аңғал, ол бірден ашу-ызаға булықты.
Өмірхан Серікжан секілді интриганы құбылтып ойнаудың шебері емес. Мұндай саясаткерлердің типі бірбеткей, доғал, өпірімдікке бейім келеді. Ол жалпы ахуал былай тұрсын, өзіне жау санаған Сайрагүлдің әлеуетін ақпараттық шабуыл жасар алдында анық бағалай алмай, тас қамалды дулығасыз басымен соққылаған әсер қалдырды. Ақиқатында, Сайрагүл «Батыл әйел» сыйлығын алып, ол жөнінде әлемді мойындатқан кітап жазылған соң, оны мұқату мүмкін емес. Екі автордың бірі ретінде Сайрагүл Сауытбайдың есімі жазылған кітаптың атауы көп мағына береді: Сайрагүл Қытай концлагеріндегі адамзатқа қарсы жасалып жатқан қылмыстың куәсі ғана емес, сонымен қатар ол - зардап шегуші. Ең бастысы – Сайрагүлден кек алу үшін «қылмыс ашылмай қалуын күйттейтін Қытай компартиясы оған қастандық ұйымдастыруы мүмкін», «Сайрагүл – қорғауға алынуы тиіс ең басты тірі куә» деген ой айтылып тұр. Мұндай ой «Жас алаш» газетінде былтыр көктемде жариялаған «Сауыт киген Сайрагүл» атты мақалада да сөз болған. Мақаланың тақырыбы айтып тұрғандай, Сайрагүлді Өмірхан секілді жалғызілік «батыр» түгілі, Қытай компартиясы сияқты мемлекеттік деңгейде ұйымдасқан үлкен топ соққыласа да, мұқата алмайды. Бүгінгі Сайрагүл кешегі Сайрагүл емес, ол қазір жарты әлем таныған тұлғаға айналды. Ал Өмірхан Алтын өз «жауының» қорғаныс қамалы мықты екенін түсінбеді. Оның дәлелсіз айыптауы Сайрагүлге қарсы Қытай компартиясы мәжбүрлеп сөйлеткен апа-сіңілілерінің жалалы сөзі секілді болып қалды.
Алғашында Сайрагүлді қаралауды өз бетінше бастаған Өмірхан бертін келе сөзінің дәлелі ретінде «Серікжан ол туралы бүйтіп атып еді, сөйтіп айтып еді» деген әңгімені гөйітті. Оның бұл сөзі Сайрагүлдің «оңбағандығының» «дәлелі» ретінде айтылды ма, әлде өзін Сайрагүлге айдап салған Серікжанның қулығын әшкерелеу ме, ол жөнінде нанымды болжам жасай алмаймыз. Дәл осы тұста Серікжанның жақтастары Өмірхан Алтынға қарсы ақпараттық шабуылға көшті. Қытай қазақтарының және «Нағыз Атажұрт еріктілернің» Еуропадағы «арқа сүйер ағасы, тірегі» болған Өмірханның руы керей болуы оған қарсы қоғамдық пікір түзуде шешуші рөл атқарды. «Ол Қазақстан билігінің тапсырмасын орындап, Сайрагүлді де, Серікжанды да қаралауға көшті» деген жалалы сөздің өтімді болуы сондықтан. Ақиқатында, Өмірхан Алтын Қазақстан билігіне тәуелді емес, ол - Германия азаматы, атажұртына оралу оның ойында мүлдем жоқ, өзіне жететін дүние-мүлкі бар кәсіпкер.
Өзін Сайрагүлмен шағыстырған Серікжан екенін, соның жымысқы айтақтауымен арандап қалып, абыройдан жұрдай болғанын Өмірхан Алтын іштей түсінді. Бұдан былай қандай жала жапса да, Сайрагүлдің «қылын қисайта алмайтынын» ол енді біледі. Тек Сайрагүлден кешірім сұрап, қателігін мойындауға оның патша көңілі жібермейді. Есесіне, кенеттен ақпараттық шабуылға шығып, шибөрідей жабылған Серікжанның жақтастарына қаратып, күлбелетіп кешірім сұрағандай болды. Неге?
Мұнда мынадай гәп бар: Серікжан Өмірханның «Қазақстан билігімен ауыз жаласып, Ақорданың саяси тапсырмасын орындаушы» деп ақпараттық майдан ашып, пәпігін басып қана қойған жоқ, ол астыртын Өмірхан Алтынға «оның бұрын жасаған екі қылмысы» жөніндегі компроматтың жария болатынын жеткізіп, оған сес көрсетті. Әрине, Өмірханның «қылмысы» дәлелі жоқ өсек-аяң болуы да мүмкін (мәлімет тексерілуде). Дегенмен, Серікжан Біләшұлы - өсекті де өзінің мақсатына жету үшін бықсық интрига кезінде шебер пайдалана алатын әккі адам. Онымен тіресе алмайтынын білетін Өмірхан сол «компроматтан» жасқанып қалған сияқты. Оның үстіне Серікжан секілді Қытайдан келген оралмандар екеуара әңігімені үнемі жазып алып, компромат ретінде сақтап, оны өздеріне қарсы келген адамды қаралау үшін, жалалау үшін пайдалана беретін азғындықтан тайсалмайды. Өмірханның Серікжанға қарсы тұрып, шындықты айтпай, қайрат көрсетпей, айбат шекпей бұғып қалуының бір себебі – осы.
Ораз Әлімбеков