Серікжан Біләш тағы да «жаңалық ашты»

none

Қазақстандағы Қытайдан келген қазақтарды бастап жүрген тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымы іштей бөлініп-жарылып болғаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударған Серікжан Біләш өзін қазіргі Қазақстан билігіне нағыз оппозиционер деп көрсетуден жалықпай келеді. Бір жағынан, өзінің аудиториясына хабар таратады, бірақ тыңдармандары негізінен репатрианттар болған соң, еліміздің байырғы азаматтарын да қамтығысы келетіні анық. Сол үшін Францияда қашып жүрген экс-банкир Әбілязовқа қосылудан кетары емес, бірақ екі қойдың басы бір қазанға сыймайтыны тағы бар.

Жақында Әбілязовтың Франциядан кетуге тиіс екені белгілі болғанда шетелде Қазақстанға қарсы ақпараттық жұмыс жүргізіп отырған Ержан Тұрғымбай Әбілязов Путиннің қармағына ілінді, бәрі соның ықпалымен жасалып отыр деген сыңайда мәлімдеме жасап, оған көмек беру үшін көбірек ақша жинауға үндеді. Өйткені Әбілязовтің үні өшсе, шетелдегі оппозициядан жалғыз ол, яғни Ержан Тұрғымбай ғана қалады екен. Жолай Серікжан Біләшті ұлттық қауіпсіздік комитетінің жансызы деп айтып кетті.

Соған жауап ретінде Серікжан Біләш «жаңалық ашып», орашолақ сөйлейтін, «линвистикалық ақауы бар», яғни "миының сөз үшін жауап беретін бөлігінің физикалық ақауы бар" Ержан Тұрғымбайды тапсырма орындап жатқан биліктің адамы екеніне әбден көз жеткізгенін және мұны енді ғана айтып отырғанын жариялады. Айтуынша, ол - Әбілязовтің қасына жақындау үшін ұлттық қауіпсіздік комитетінің жіберген адамы. Коалиция құрылса, оған кірмек болған. Бірақ олар оны кіргізбей қойыпты. Ол тіпті Әбілязовқа параллель, онымен бәсекелес қозғалыс, яғни қолдаушыларды бөліп алып кетпек болған. Алған тапсырмасы осындай. Бірақ оған ешкім ермей қойды, оның Қазақстанда командасы да жоқ.

Бірін бірі биліктің агенті деп айыптап жатқан екеуі де шетелдегі оппозицияның көсемі болғысы келеді, бірақ екеуі де Әбілязовтың өзі өсіп шыққан, бірақ бір кезде (үлкен ақшаға болу керек) қастасып кеткен режимнің саяси құрбаны деп мойындаған кейіп танытады. Бірақ сырттан қарағанда, екеуі екі мекеменің тапсырмасын алып, бір-бірімен жарысып жүрген қос агент сияқты көрінеді.

Айдары: Түтін 10.07.2023 129

Қатысты мазмұн