Саяси олжа

none

**Сексен алты жасты алқымдаған Олажас Сүлейменов 90-шы жылдары өзі басқарған «Қазақстан халық конгресі» ( Народный Конгресс Казахстана») партиясын қайта жаңғыртуға әрекет жасап жатыр. Әзірге оның мәлімдемесі декларативті, нақты әрекет байқалмайды. Соған қарамай оның мәлімдемесіне басқа саясаткерлер қызғанышпен қарап, сын айтып жатыр. Мұндағы ой «жасарын жасап, асарын асаған, төрінен көрі жақын қарт адамға партия құрып не керек?!» дегенге саяды. Олжас Сүлейменовтың саясатты саудаға айналдырып, сол үшін биліктен үнемі қызмет алғаны айтылып қалды. **

Рас, орысша ойлап, орысша жазатын Олжас Сүйлейменовты Совет одағына танытқан оның «АЗиЯ» кітабы. Одан кейін «Невада-Семей» қозғалысының белсендісі болып тағы бір танылды. Кейін «Қазақстан халық конгресі» деген партия құрған. Олжас Сүлейменов өмірбаянындағы бұл айтулы оқиғалардың бәрін аяқсыз қалдырды.

Ақиқатында, Олжас Сүлейменовтың «АЗиЯ» шығармасы – әдебиет үшін түкке тұрғысыз шығарма. Ол бұл кітапта түркі тілінің орыс тілін қалаптастырудағы рөлін көрсетпек болып талпынды. Бұл лингвистика ғылымына қатысты мәселе, бірақ Олжас Сүйлейменов терең ойлы лингвист деп айтуға ауыз бармайды. Ол мәселенің бетін шарпып қана өтті де, сонысын ақындарға тән әуегейлікпен соны жаңалықтай жарнамалай жөнелді. Бұл «совет адамы» деген дүдәмал болмыстан арылып, өзін өзі тануға талпынып жатқан ұлттар үшін сол кезде қызық болатын. Оның «балық та емес, ет те емес» екені кейін көрінді. Жартымды жыр жазбады, лингвистикаға үлес қосатын сүбелі зерттеу жасамады.

Семейдегі атом бомбасын сынайтын полигонды жапқан да Олжас емес. Әбден әлсіреген Совет одағы АҚШ-пен бәсекелесуге шамасы жетпеді. Сондықтан совет билігі Олжасты жалдап, антиядролық қозғалыс құрғызып, Семей жеріндегі полигонды жабу жөнінде қоғамдық пікір туғызды. Сол арқылы Совет одағы өзінің дәрменсіздігін ақтап алғысы келген. Әйтпесе, Олжассыз да атом полигонын жауып тастаушы еді. Мұның бәрі билікпен келісілген мәселе болды.

Назарбаев режимінің алғашқы жылдарында Олжас Сүлейменовтың «Қазақстан халық конгресі» атты партия құрып, өзін ашық саясатта сынап көрді. Ол Қазақстан республикасы президентінің екінші сайлауына қатысуға ниет білдірген. Бірінші президент Назарбаевпен текетіресу үшін Сүлейменов сол кездегі елге танымал адамдардың рулық сезімін қоздырып өзіне жақтас жинады. Олжас Сүлейменовты қолдағандардың қатарында Әділет министрі Нағашыбай Шайкенов (марқұм), қазір Киевте тұратын философ Рүстем Жанғожин, саясаткер Сейдахмет Құттықадам және т.б. бар еді. Олар Олжас Сүлейменовке ұйыды, оның саяси имиджін қалыптасру үшін зор ресурс жұмсады. Ал Сүлейменов астыртын Назарбаевпен сөзбайласып, одан қызмет алып, өзін қолдаған дүйім жұртты жерге қаратып кетті. Содан бері ол ашық саясатқа шыққан емес. Анда-санда оның беделін пайдаланғысы келетін саясаткерлер өздері құрған қоғамдық ұйымдардың жиынына шақырып жүрді. Соңғы жылдары экологиялық бағыт ұстанатын партия құрғысы келетін Азаматхан Әміртай Олжас Сүлейменовты алдыға салып көрді. Мұндайға тек өз пайдасын ойлайтын Олжас Сүлейменв көнсін бе, ұйымның бір екі жиынына қатыста да, одан кейін төбе көрсетпей кеткен. Эколог белсенді Азаматхан Әміртай да Олжас Сүлейменовтен үмітін үзген секілді.

Олжас Сүлейменовтың өз алдына жеке партия құрып, «Қазақстан халық конгресін» жаңғыртуға талпынасы бекер емес. Оның артында әлдебір мүделі топ тұрған сияқты. Олар Олжасты алдыға шығарып қойып, соның атақ-даңқымен саяси шантаж жасамақ. Мұндай іске Олжас таптырмайтын адам. Себебі, оның саяси сауда мен шантаж жасау бойынша өмірілік тәжірибесі мол.

«S»

Айдары: Түтін 24.05.2022 137

Қатысты мазмұн