Сауыт киген Сайрагүл

none

АҚШ мемлекеттік департаментінің Шыңжаңның бұрынғы тұрғыны Сайрагүл Сауытбайға «Батыл әйел» сыйлығын беруі Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның ашу-ызасын туғызды. Дипломатқа тән сыпайылықты былай ысырып қойған ол өзінің Facebook-тағы парақшасында АҚШ пен Сайрагүл Сауытбайға кәрін төге шүйлікті. «Бұл – Қытайдың ішкі ісіне араласуға бағытталған көпе-көрінеу арандату. Вашингтон... Шыңжаңда тұрақсыздық орнату арқылы Қытайдың түбіне жетпек. ...Вашингтон өз өтірігіне өзі сеніп жүр. Бұл олардың надандығының белгісі. ...«Батырға» байланысты айтарымыз, ол Қытайда да, Қазақстанда да қылмыскер деп танылған. Оның ерлігі – Отанын сату, өзін, отбасын асыраған елге қара күйе жағу. Егер ерлік жасағыш болса, Шыңжаңдағы несиесін жаппай ма? Өкініштісі – ол өзінің геосаяси циркте қандай рөл атқарып жүргенін түсінбейді», – деп жазды елші.

Сайрагүл Сауытбайға «Батыл әйел» сыйлығының берілуі Чжан Сяоны ғана емес, бүкіл Қытайды дүрліктірген секілді. Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының телеарнасы Қытайдың Қазақстандағы елшісінің сөзін дәлелдей түсу үшін арнайы сюжет дайындады. Онда төрт адам қытайша сөйледі. Соның бірі Бисара Сауытбай сіңлісі Сайрагүлдің Қазақстанға қашып кеткенше өзімен бірге тұрғанын, оның ешқандай «қайта тәрбиелеу» лагерінде жұмыс істемегенін, оған билік тарапынан қысым болмағанын, Сайрагүлдің қазір айтып жүргені өтірік екенін мәлімдеді.

Ал өзін Шағансу бастауыш мектебінің директорымын деп таныстырған Қаданұр Тажи 2018 жылдың 20 наурызында өзі басқаратын мекемеге Сайрагүлдің мұғалім болып ауысқанын айтты. Айтуынша, Сайрагүл бір айдан кейін «күйеуіммен ажырасып келем» деп сұранып, сол кеткеннен мол кетіпті. Қаданұр Тажи Сайрагүл Сауытбайды «екіжүзді, адамға жақсылық жасамайтын өте қауіпті адам» деп бағалады. Бұдан кейін өзін Шыңжаңның Мұңғұлкөре ауданы Шағансу қарыз кооперативінің (банк) маманымын деп таныстырған Тянь Чи Линь деген біреу Сайрагүл Сауытбайдың банктен 470 мың юань қарыз алып, қашып кеткенін айтты. Оның айтуынша, қазір Сайрагүлге несие алып беруге кепіл болған адамдарға қаржы ауыртпалығы түсіп, қиналып жатыр екен.

Сюжетте төртінші болып Сайрагүлдің сіңлісі Панаргүл Сауытбай сөйледі. Оның айтуынша, Сайрагүл Қазақстанға қашып кетердің алдында өзінің машинасын Панаргүлге сатыпты. Ол машинаны сатып алуы үшін банктен 45 мың юань (7000 доллар) алып, оны Сайрагүлге берген. Ал Сайрагүл болса машинаны рәсімдемей, Қазақстанға тайып тұрған. Соның кесірінен Панаргүл машинасыз әрі ақшасыз қалыпты. «Несиемді әлі өтеп жатырмын. Сайрагүлді қатты жек көріп кеттім. Туған сіңлісіне қастандық жасайды деп мүлдем ойламаппын. Сайрагүлдің кесірі туыстарымызға, ауылдастарымызға тиіп жатыр», – деп зарлады Панаргүл.

Әрине, мұның бәрі Сайрагүл Сауытбайдың тұлғасына көлеңке түсіре алмайды. Қытай билігінің Сайрагүлді экономикалық қылмыскер, алаяқ етіп көрсетуі тым кешеуілдеп жасалған әрекет. Отбасымен қосылу үшін Қытайдан қашып келгенде, оған Қазақстанда шекарадан заңсыз өту айыбы ғана тағылған және ол сот шешімінде көрсетілген жазаны толық өтеді. Қазақстан үкіметі Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін бермеуі Қытайдың ыңғайына жығылып, Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырларға және басқа да аз ұлттарға жасалып жатқан репрессияны, түркітілді мұсылман халықты салт-дәстүрінен мәжбүрлеп айыру үшін құрылған концлагерьлердің бар екенін жасырып қалуды көздейтін саяси шешім еді. Сондықтан оған босқын мәртебесі берілмеді, Сайрагүл Сауытбай бала-шағасын ертіп Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды, БҰҰ-ның көмегімен Швециядан пана тапты.

Қытай билігінің Сайрагүл Сауытбайдан сескенетін себебі – ол Шыңжаңдағы концлагерьлердің бірінде тұтқындарға қытай тілінен бірнеше ай сабақ берген. Ондағы режимді, концлагерьлердің құрылымдық жүйесін, тұтқындарды қалай азаптайтынын жақсы біледі. Ол Швецияға қоныс аударған соң, Батыс баспасөзіне берген сұхбатында Шыңжаңдағы концлагерь ауласындағы алаңда тұтқындарды қаз-қатар сапқа тұрғызып қойып, солардың көзінше полиция қызметкерлері мен сақшылардың жабылып бір қызды кезек-кезек зорлағанын және басқа да өзі куә болған азаптау оқиғасын айтқан болатын. Қазір Сайрагүл Сауытбай Шыңжаңдағы саяси репрессияны әшкерелеуді өзіне мақсат етіп қойған секілді. Енді ешкім оның аузын жаба алмайды. Қытай да, Қазақстан да Сайрагүл Сауытбайға ықпал ету тетігінен айырылып қалды. Ол Қазақстан азаматтығын алған күйеуі мен екі баласын өзімен бірге алып кетті. Әпкесі мен сіңлісінің жала жауып қаралаған мына сөзінен кейін Сайрагүл Шыңжаңдағы туыстарының тағдыры үшін тіпті алаңдамайтын болады. Ал оның Қытай коммунистік билігіне қарсы күресті күшейтуін АҚШ мемлекеттік департаментінің «Батыл әйел» сыйлығы жігерлендіре түседі.

Қытай коммунистік билігінің Сайрагүл Сауытбайдан қауіптенуіне тағы бір себеп бар. Ол – от басы, ошақ қасында жүретін қарапайым әйел емес, күрделі стратегиялық жоспар құра білетін күрескер. Бұған оның Қытайдан қашу операциясын қалай ұйымдастырғаны дәлел бола алады. Қытайдан қашу жоспарының бірінші сатысында Сайрагүл Сауытбай күйеуі Уәли Ісләмді мектеп мұғалімі қызметінен босатуды қамдады. Қытайда мұғалім мемлекеттік қызметкер болып саналады. Мемлекеттік қызметкердің басқа елге қоныс аударуына кедергі көп. Одан құтылудың бір ғана жолы бар – мүгедектігіне байланысты зейнетке шығып кету. Ерлі-зайыпты екеуіне бірдей ондай мүмкіндік болмаған соң, отағасы Уәли Ісләм «жүйкесінің әлсіреуіне орай» зейнетке шығады да, 2016 жылы қызы мен ұлын алып Қазақстанға өтеді. Олар тездетіп алты ай ішінде Қазақстан азаматтығын алады. Ебін тауып отбасының соңынан кетуді көздеген Сайрагүлге мүмкіндік болмайды. Осы кезеңде Шыңжаң билігі сондағы түркітілдес халықтардың паспортын жаппай жинап алып, «қайта тәрбиелеу» лагерьлеріне тоғыта бастаған. Сайрагүл де шетелге шығатын ҚХР паспортынан сол кезде айырылып қалады. Бұдан кейін Қытай билігі балабақша директоры қызметін атқаратын Сайрагүлді жаңадан ашылған концлагерьдегі тұтқындарға қытай тілінен сабақ беруге мәжбүрлейді. Отбасын шекара асырып жіберген Сайрагүлге Шыңжаң билігі қысымды күшейтеді, күйеуі мен екі баласын Қытайға қайтаруды талап етеді. Бірақ ол күйеуі мен балаларының Қазақстан азаматтығын алғанын жасырып, «туысшылап кеткен еді, әне-міне келеді» деп алдаусыратады.

Оның айтуынша, Қытай билігі 2018 жылдың көктемінде Сайрагүлді «қайта тәрбиелеу» лагеріндегі мұғалімдіктен босатып, балабақша директоры қызметін басқа біреуге тапсырып беру үшін уақытша үйіне жібереді. Себебі Қытай билігі Уәли Ісләм мен екі баласының Қазақстан азаматтығына өткенін біліп қояды. Сондықтан Сайрагүл Сауытбайға түрмеге қамалу қаупі төнеді. Қатаң бақылауға алынған ол демалыс күні үйіндегі барлық шамды жарқыратып жағып, теледидардың даусын күшейтіп, қазанын бұрқ-сарқ қайнатып тамақ пісіруді бастайды да, түн жамылып терезеден секіріп, көршісінің бақшасы арқылы қашады. Көлік жалдап, Қорғас шекарасындағы бейтарап сауда аймағына жетеді. Ертесіне сөмке арқалаған саудагер әйелдерді қалқалап, Қазақстан шекарасынан байқатпай өтіп кетеді. Осы оқиғадан-ақ Сайрагүл Сауытбайдың Қытайдан қашу операциясын тыңғылықты жоспарлағанын және оны сәтті жүзеге асырғанын көреміз. Оның алдында және одан кейін Қытайдан қашқан қазақтардың ешқайсысы Сайрагүл Сауытбайға теңесе алмайды.

Сайрагүл Сауытбай қазақ, қытай және ұйғыр тіліне жатық, шешен сөйлейді. Қазір швед тілімен қатар, ағылшын тілін игеріп жатыр. Ол Еуропадағы өмірін Қытай коммунистік билігінің Шыңжаңдағы түркітілді мұсылман халықтарға жасап жатқан қорлығын әшкерелеуге арнайтынын мәлімдеген. Оның Қытай билігі үшін қауіптілігі де осында. АҚШ үкіметі тағайындаған «Батыл әйел» сыйлығын алуға Сайрагүл Сауытбайдың қазақы оюмен зерленген ұлттық киім киіп, сырға мен алқа тағып баруы этнографиялық шоу емес, мұнда гәп бар. Бұрын әлемдік қауымдастық Шыңжаңдағы адам құқықтарының тапталуына қатысты мәселе көтерілгенде ұйғырлар жөнінде ғана айтатын. Шындығында, Шыңжаңда концлагерьлердің барын, ондағы азаптауды нақты мысалмен дәлелдеп берген – қазақтар. «Батыл әйел» сыйлығын этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың иемденуі, оның туып-өскен жері деп, Іле-Қазақ автономиялы округінің аталуы Шыңжаңдағы саяси репрессияға жаңа сипат берді. Шыңжаңның «қайта тәрбиелеу» лагерьлерінде азап көріп шыққан, отбасы бөлініп қалған мыңдаған қазақты жігерлендіре түседі. Қамауда болып қайтқандардың ішінде Қазақстан азаматтары да бар, олардың біразы әлі Шыңжаң түрмелерінде немесе үйқамақта жазықсыз отыр.

Сайрагүл Сауытбай арқылы әлемдік қауымдастық қазақ-қытай шекарасының арғы жағын жайлап отырған 3 миллион қазақтың да азапталып жатқанын білді. Бұл Қазақстанның шетелдегі этникалық қазақтарды елге шақырып, оларға жеңілдетілген жолмен азаматтық беру жөнінде арнайы қабылдаған көші-қон заңын, сондай-ақ босқындарға пана беруге, отбасыны бөлмеуге, ана мен бала құқығын сақтауға қатысты халықаралық конвенцияларды орындамай отырғанын әшкере қылды. Сайрагүл Сауытбайдың белсенді әрекетке көшуі Шыңжаңның байырғы халқын ұлттық ерекшелігінен айырып, күштеп қытайландыруды жүзеге асырып жатқан Қытайды да, Қытайдың саяси-экономикалық ықпалынан шыға алмай отырған Қазақстан билігін де ыңғайсыз жағдайға қалдырады.

Тоқтар Жақаш

«Жас Алаш» газеті

Айдары: Текемет 10.03.2020 121

Қатысты мазмұн