Сайлау әділ өтсін десек...

none

Бізде әділ сайлау өткізу үшін көп нәрсе жасаудың қажеті жоқ. Соның біршамасын тізіп өтейін. Ең алдымен, "Сайлау туралы" заңды Конституция талаптарына сай етіп қайта түзету керек. Өйткені, біздің Конституциямыздың 33 бабы 2-бөлігінде "Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар" деп анық жазылған. Сөйте тұра, "Сайлау туралы" заң "үміткер болып тіркелу үшін ең төменгі айлық жалақының 15 есе көлемінде жарна төлеу керек" деп талап қояды. Бұл нон-сенс қой! Ал соншама қаржысы жоқ, бірақ сайлауға түскісі келетін азаматтар не істеуі керек? Яғни, азаматтардың сайлану құқығы осы жерден бастап шектеледі.

Екінші мәселе: сайлауды мектептерден мүлдем басқа жерге ауыстыру керек. Мұғалімдерді сайлауға қызмет ету міндетінен босатқан жөн. Әйтпесе, бәріміз 20-30 жылдан бері бір картинаны көріп келеміз. Мектептердегі сайлау жұмысына сол баяғы, дауыс ұрлап әккі боп алған мұғалімдер қатысады. Олардың бетінде қытық та жоқ, иман да жоқ. Ештеңеден жиренбейді де, ұялмайды да. Әдетте, мұндай жұмыстарға білімі әлсіз немесе дипломы күмәнді, директордың айтқанынан шықпайтын, артында бықсыған шаласы бар мұғалімдер тартылатын көрінеді. Олар жұмысынан айырылып қалмауы үшін ештеңеден аянбайды.

Оның үстіне, кешегі сайлауда көргеніміздей, барлық мектепте дерлік, комиссия мүшелері мен комиссия төрағалары түгелдей "аманаттық". Мұны да аз десеңіз, мектепке бөтен бақылаушы кіргізбеу үшін мектеп мұғалімдерінен оншақты мұғалімнің қолына "аманаттың" "бақылаушы" деген қатырма қағазын ұстатып қойған. Сырттан келген бақылаушыға "бізде орын жоқ, сіз басқа жаққа барыңыз" деуге әдемі сылтау жасап алған. Мұны да шешудің жолы бар.

Қазір сайлауды бақылау үшін партиялар мен қоғамдық бірлестіктер арнайы оқытып, қолға куәліктер беріп жатыр ғой. Алдағы сайлауда сайлау жұмысын ұйымдастырушыларды да әр түрлі партиядан, қоғамдық бірлестіктерден, тілек білдірген жеке-дара адамды арнайы оқытып, сайлау комиссиясын сондай мамандардан жасақтау керек. Және "бір участокта бір партияның екі адамы қатар отыруға болмайды" деген талап енгізу керек.

Бұдан да басқа ойларым көп еді. Қазір еске түскендерін теріп жазып жатырмын. Егер, бізде "сайлау әділ өтсін" десек, алдымен осындай ұсақ-түйек мәселелерді реттеп алуымыз керек. Парламентке өткен жаңа депутаттар осы мәселелер бойынша жұмыс істейді деп сенер-сенбесімді білмей отырмын.

Тоқтар Жақаш,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Текемет 27.03.2023 104

Қатысты мазмұн