«QazVac – халал». Муфтияттағы экстремизм

none

Қазан айының басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) «Халал даму» ЖШС қазақстандық QazVac вакцинасын «халал» деп танып, наиб мүфти Ершат Оңғаров вакцина шығаратын компания өкіліне сертификат табыстады. Бұған дейін ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Өтпенов отандық вакцинаны салдырғанын дүйім жұртқа жариялаған. Бүгін ҚМДБ бастамасын қолдаған Шымкент қаласы әкімдігі Шымкентте "HALAL EXPO-2021" халықаралық көрмесін өткізіп жатыр.

text

text

«Халал даму» ЖШС-нің сайтында «халал» сөзіне мынадай анықтама берілген: «Рұқсат етілген, адал деген мағынаны беретін араб тілінен енген сөз. Халал сөзінің антонимі Харам, яғни, рұқсат етілмеген, шариғатқа сай емес деген мағынаны білдіреді». Мұны логикаға салып тәпсірлесек, ҚМДБ-ның халал сертификатын ақша төлеп алмаған компаниялардың шығарған өнімінің бәрі харам болып шығады.

text

Коронавирус індетінен сақтану үшін Қазақстан мұсылмандары отандық вакцинамен қатар шетелдік вакцинаны ектіргені белгілі. Мүфтияттың халал жөніндегі ұстанымы бойынша, шетелде шығарылған вакцина ектіргендердің бәрі «харам» болғаны ма?!

Рас, наиб мүфти Ершат Оңғаров Ресей мұсылмандары діни басқармасының (РМДБ) сөзіне сүйеніп ресейлік «Спутник V» вакцинасын шариғатқа сай деп жариялаған. Дегенмен, «РМДБ «Спутник V» вакцинасына халал сертификатын табыстады» деген мәлімет жоқ. Ал РМДБ-ның пәтуасын Қазақстан мұсылмандары басшылыққа алмайтыны белгілі, әрбір елдің мұсылмандары өз елінің мүфтияты шығарған пәтуаға мойынсұнады. ҚМДБ да «Спутник V» вакцинасын шығаратын ресейлік компанияға халал сертификатын табыстай алмайды, ҚМДБ сертификаты Ресейде мойындалмайды.

«Спутник V» вакцинасын қазақстандықтардың көпшілгі ектірді. Олардың қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, діндар ақын Балғынбек Имашев және басқа да танымал азаматтар бар. Қытайда шығарылған вакцинаны ектірген қазақстандық мұсылмандардың да саны көп. Қазақстан үкіметі Еуропадан Pfizer вакцинасының бірнеше миллион дозасын әкеліп, балаларға егуді жоспарлады. Сонда, ҚМДБ-ның ұстанымы бойынша, олардың бәрі харам тірлік жасап, ағзасына харам дәрі енгізген бе?! Шөптен де, шөңгеден де, бір жапырақ қағаздан да пайда тауып қалуды көздейтін ҚМДБ басшыларының бұл ісі Қазақстан азаматтарын алалау, наным-сеніміне селкем түсіру, «адал» және «арамға» бөліп қоғамда араздық тудыру, діни экстремизм емей, немене?!

Азық-түлік және асхана-кафе секілді қызмет көрсету орындарын «халал» және «харамға» бөлуді бастаған сәләфи бағыттағы суруриттер мен тәкпіршілер болатын. Олардың бұл мәселені экстремизмнің құралына айналдырғаны соншалық, діни радикализмге бой алдырған бала намаз оқымайтын анасы дайындаған асты ішпейтін ішмерездікке жетті. Малға пышақ тақап тұрып дұға айтылып бауыздалғанын өз көзімен көрмесе, оның етін жеуден мүлдем бас тартты, бұл ұстанымды басшылыққа алмағаннның бәрін «кәпір», «харами адам» санады. Соның кесірінен қаншама отбасы ойран болып, қирады.

Радикал діндарлардың осы нанымын қанағаттандыруды және сол арқылы пайда табуды көздеген қулар «халал индустрия» дегенді ойлап тауып, елімізге экстремизмнің «дәнін» сеуіп кетті.

Қоғамның тұтастығын бұзатын «халал индустрияны» Қазақстанға алып келген Марат Сәрсенбаев есімді діндар. Ол Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мұсылман елінің бірінде қолданылатын «халал стандартын» Қазақстанға әкеліп, компанияларға «халал сертификатын» үлестіре бастады. Әрине, тегін емес, «халал» сертификатының бағасы жүз мың теңгеден басталады, сертификат бір жылға жарамды, сертификат мерзімін жыл сайын созып отыру керек.

Марат Сәрсенбаевтың «халал» бизнесін ҚМДБ басшылары тартып алуға талай рет оқталды, бірақ одан нәтиже шықпады. 2014 жлы ҚМДБ «халал» сертификатын үлестіретін «Халал Даму» атты компания ашқан. Ресми мәлімет бойынша, қазір «Халал Даму» «халал» сертификатын алты жүзден астам компанияға беріп тастаған. Оның ішінде азық-түлік өндіретін, қызмет көрсететін компаниялармен қатар «халал сауналар» да бар. «Халал Дамуға» кесімді ақша беріп, сертификатын алған компания «ҚМДБ» атауы жазылған «халал» белгісін тауарының орамасына баса алады. Бұл нарықтағы адал бәсекелестікті бұзып қана отырған жоқ, мемлекеттің өнім өндірушілерге қойылатын жалпыға бірдей талап стандартын жоққа шығаратын, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға кереғар әрекет. Жеңіл жолмен пайда тауып баюды ғана көздейтін ҚМДБ «халал» немесе «харам» деген радикал түсінікті насихаттау арқылы зайырлы қоғам бірлігін бұза отырып көпұлтты, көпконфессиялы елде ұлттық және діни араздықты қоздырып отырған жоқ па?!

Заңға ғана бағынатын зайырлы мемлекетке тән «дін мемлекеттен бөлек» деген қағида жайына қалды. ҚМДБ «халал» сертификатын ақшаға сатып баю жолында мемлекеттік билікті шетке ысырып қойды, тауарды стандарттау, нарықтағы адал бәсекелестікті сақтау міндетін атқарып, санитарлық нормаларды қадағалайтын мемлекеттік органдардың функциясын иемденіп алғандай әсер қалдырып тұр. Мемлекеттік органдар да «үй ішінен үй тігіп» алуды көздейтін ҚМДБ атауымен белгілі қатардағы қоғамдық бір ұйымның жетегінде кетті. Бүгін ҚМДБ бастамасын қолдаған Шымкент қаласының әкімдігі Шымкентте "HALAL EXPO-2021" халықаралық көрмесін өткізіп жатыр. ҚМДБ басшыларының шетін идеологиясының жетегінде кеткен Шымкент әкімдігінің әрекетін зайырлы мемлекеттің заңына «саботаж жасап отыр» деп түсінеміз бе?! Мемлекеттің орталық басқару органы осындай келеңсіз әрекетке неге тұсау салмайды? Түсініксіз. Әлде, Қазақстан билігі Иран секілді ислам республикасын құруға бағыт алды ма?

Ораз Әлімбеков

Айдары: Текемет 11.10.2021 838

Қатысты мазмұн