«Памперс бала»

none

Митинг ұйымдастырумен әуестеніп кеткен Мамайдың саяси жоба екені былтыр әшкере болған. Содан кейін билік те, Мамай да саяси күрестің әдісін өзгертті. Билікпен өзара келісіп алған болса керек, полиция мамайшыларға кеттлинг әдісін қолданатын болды.

Қазақстан бойынша Адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова полицияның белсенділерді құрсауда ұстау (кеттлинг) әдісін "қауіпсіздікпен байланысты шара" деп атапты. Оның сөзіләміне қарасақ, кеттлинг көшедегі жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін емес, митингішілерге, біздегі саяси жағдайда мамайшыларға арналған қауіпсіздік шарасы екен. Әлбетте, кеттлингке түсетінін білетін мамайшылар әрқашан сақадай сай дайындалып келеді.

Мысалы, мамайшылар 10 қаңтарда 8 сағат, 28 ақпанда 11 сағат кеттлингте мың етпей тұрды. Урологтардың айтуынша, күн суықта бір жерде аяқтан тік тұрып ұзақ уақыт дәретке шыдау мүмкін емес. Мұндай кезде қуығы мықты жігіттер 3-4 сағатқа әрең шыдайды. Маман сөзін есепке алсақ, әбілязовшіл белсенді Тұрарбек Құсайыновың «Мамай памперс кие ме?» атты постында айтылған әңгіменің жаны бар секілді. Әрине, қалта-қонышыңды нан-тоқашқа толтырып, бұтыңа памперс киіп алсаң, кеттлингке памперсті қолдану мерзімі аяқталғанша шыдау қиын емес. Сондықтан саяси жоба бұрынғыша жай ғана «Мамай» деп емес, «Памперс бала» деп аталатын болды.

"МАМАЙ ПАМПЕРС КИЕ МЕ?

Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай неге оншақты адамдық шағын митинг ұйымдастыру тактикасына көшті? Полиция жасағы неге Мамайдың жақтастарынан басқа белсенділерді митингіден бір-екі күн бұрын алдын-ала қамауға алады, митингіге шыққандарды сүйрелеп, автозакқа тиеп бөлімшеге алып кетеді? Ал Мамайдың тобына полиция неге кеттлинг әдісін қолданады? Осы сұрақтарға жауап беру арқылы Мамайдың қандай саяси жоба екенін түсіндіріп көрейік.

Мамай биліктің жобасы екеніне күмән жоқ. Бұл әңгіме айтыла-айтыла таптаурын болды. Алғашында Мамай басқа белсенділерді де өзінің саяси жобасына, яғни өзі ұйымдастыратын митингіге тартатын. Сол үшін былтыр әкімдіктен рұқсат алып бірнеше митинг өткізді. Рұқсат алып, митинг өткізу Мамайдың саяси-технологиялық жоба екенін одан сайын дәлелдей түсті. Оған сенім азайды. Бұдан кейін Мамай рұқсат етілмеген шеруге шығатын әдет шығарды. Полиция көз қылып, Мамайдың өзіне тимесе де, демократия идеясына жан-тәнімен берілген жақтастарын ұстайтын, тіпті кейбірін бірнеше тәулікке қамағанын білеміз. Сондай қысымға ұшыраған жас жігіттің айтуынша, Мамай мен оған өте жақын бірнеше белсендіні полиция ешқашан қамауға алмайды. Құдды полицияның қолында «қамауға алуға болмайтындардың» тізімі бар секілді. Оның үстіне, Мамай тек өзінің «қалаулыларына» ғана көмек беріп, демократия идеясы үшін шын ниетімен шауып жүргендерді елемепті. Осы жағдайға қаныққан белсенділердің біразы Демпартиядан біржола кетіп қалған. Мамай өзінің айтқанынан шықпайтын, айдауына көнетін, «кеттік» дегенде ере жөнелетін, арнайы митингіге шығатын шағын мобильді топ құруының бір себебі осы екен.

Мамайдың митингішіл шағын мобильді топ құруына байланысты билік те саяси жобаның құпиясы ашылып қалмайтындай етіп полицияның тактикасын өзгертті. Оны қазір «кеттлинг» деп атап жүр. Бұл әдіс бойынша, шерушілердің шағын тобын полиция жасағы екі қабат құрсауда бірнеше сағат ұстап тұрады. Мұны кеттлингтің классикалық үлгісімен салыстырсақ, Мамай тобына арналған құрсаудың өзіндік жеңілдігі бар. Полиция құрсау ішіндегі шерушілердің плакатын, мегафонын тартып алмайды, мамайшы топ құрсау сыртынан тасталған тамақ пен сусынды ішіп-жеп тұра береді. Ауық-ауық «стақан ішінде дауыл» тұрғызады, яғни митингішілердің сөз бостандығы, саяси көзқарасын білдіру еркі бұзылмайды. Бұл - кеттлингтің қазақи ноу-хауы.

Мамай жоба болған соң, ол да полицияның тактикасына түсіністікпен қарайды. Егер Мамай билікке наразылардың басын біріктіріп немесе өзінің жақтастарын басқа оппозициялық күштерге апарып қосса, онда көшеге шыққан қалың бұқараға, бірнеше мың адамға полиция кеттлинг жасай алмай қалады. Кеттлинг жасап, құрсауды бірнеше сағат ұстап тұру үшін шерушілер саны жиырмадан аспау керек. Мамай сол талаптың аясынан шықпай жүр.

Алматыда полиция алғаш рет митингішілерге қарсы кеттлингті сайлау күні қолданды. Алдын-ала дайындалған болса керек, Мамайдың тобы бірнеше сағаттық кеттлингке қиналмай шыдады, төтеп берді. Топ лидерлері Мамай мен Достияров құрсаудан шыққан соң, жауды жайратып тастап жеңіспен үйіне оралған батырларша «біз тұрып бердік» деп мәлімдеді.

Полиция жасағы сол күні «Оян, Қазақстан!» ұйымының жетекшісі Әсем Жәпішеваның шағын тобына да кеттлинг тактикасын қолданған, бірақ белсенділердің бірі суықтап, тағы бірі сол жерге дәрет сындыруға мәжбүр болды. Бұл жағдай Жәпішева тобының полиция тарапынан құрсауға алынатынынан дым хабарсыз болғанын, соған сәйкес кеттлингке дайындықсыз келгенін білдірсе керек. Мамайдың қулығын да осы тұста айта кеткен жөн. Ол кеттлингтің қазандығына түсетін жігіттерді додаға салатын көкпар аттай жаратады, ынталандырып қояды, кеттлингке түсетіндер митинг болардың алдындағы кеште ерте жатып, ұйқысын әбден қандырады, тойып тамақ ішіп алған соң, дәретханаға кіріп жеңілдеп алады. Өзіне аса сенбейтін топ мүшелері памперс киіп алады деген әңгіме де жоқ емес. Мұндай дайындықтан кейін бір тәулікке дейін қиналмай кеттлингте тұра беруге де болады. Кеттлинг Мамай үшін «биліктің жобасы» екенін жалтаратын, қайта өзінің нағыз оппозиция екенін дәлелдеуге тырысқанда қолданатын сүйікті сөзіне айналды. Сондықтан ол кеттлингті «ең ауыр азаптау әдісі» деп қорқынышты кейіпке еніп алып айтудан танбайды.

Құсайынов Тұрарбек

"Демос"ҚБ төрағасы"

(Жазба автордың Фейсбуктегі парақшасынан алынды)

Айдары: Түтін 02.03.2021 106

Қатысты мазмұн