Мусин мен Рысқалиев кімге қарсы майданда тұр?

none

Желіде Президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Аслан Мусин мен Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің Лондонда бірге түскен фотосын яхуди сенімін қабылдаған Тұрарбек Құсайынов өз парақшасында жариялады. Мұнда қандай гәп бар?

Гәпті айтпас бұрын, Бергей Рысқалиев әкім болғанда билікті өз қолына шоғырландырған Назарбаев пен оның отбасына қарсы тұрғанын айта кеткен жөн. Бергей біздегі кәдуілгі және псевдо оппозиция өкілдері секілді «Назарбаев оңбаған!» деп ауыз көпіртіп көшеде айқайлап жүрген емес. Ол шаруаның адамы тұғын. Бергей Назарбаевқа нақты іс-әрекетімен бітіспес оппозиция болды. Аймақтағы мұнай-газ компанияларды «кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі» деген үкімет бағдарламасының аясында халыққа газ-су тартып берді, жолды жөндетті, қысқасы, бюджеттен де қаржы тартып аймақтың инфрақұрылымын, халықтың тұрмысын жақсартты. Халықтың әл-ауқаты жақсарғанын авторитарлық билік жүйесі о бастан жақтырмайды, себебі қара халық байыса, ол билікке деген тәуелділіктен арылып,сол биліктің өзіне бағынбай кетеді. Бергейдің аймақ халқына жасаған жақсылығын И.Тасмағамбетов те Атырауға әкім болғанда істеген емес. Ол әнші-күйші, ақын-жазушыны, яғни өзін интеллигент санап бұтқа толып жүретін шал-шауқанның көңілін табуымен ғана жақсы аттанып жүрді. Ал Бергейді Атыраудың бұқара халқы жақсы көретін.

Атырауды мұнайлы өңірдің жарқ-жұрқ еткен астанасы қылам деген Бергейдің Назарбаевқа жақпай қалғаны бұл ғана емес. Атырауда шетелдің ірі мұнай-газ компаниялары көп. Прокуратура «қоршаған ортаны бүлдірдің» деп шетелдік компанияларға миллиардтаған экологиялық айыппұл салады. Ол ақшаның бәрі Астанаға кететін. Бергей «бүлінген ортаның зардабын тартып жатқан Астана емес, Атырау халқы, экологиялық айыппұл да осындағы халық игілігіне жаратылу тиіс» деп орталықтың саясатына түбегейлі қарсы шықты. Оның үстіне Бергей Рысқалиев Назарбаевтың мұнай-газ саласын сүліктей сорып жатқан күйеу балалары мен туыстарын түрлі әдіспен қыспаққа алды. Ол Тасмағамбетовтің Атыраудағы туыстарын да аяған жоқ. Оның ойынша, мұнайлы өңірден түсетін табыстың басым бөлігі жергілікті халықтың игілігіне жаратылуы тиіс. Мұны сепаратизмге балаған Назарбаев пен оның ақша сорғыш туыстары Бергей мен оның ағасын қуғындап елден аластап жіберді. Тіпті Рысқалиевтердің әкесі Атырауда дүние салғанда ағайынды жігіттер бір уыс топырақ салуға келе алмады... Бергейдің кеудесінде көн болып қатқан осы кек бұ дүниеде жіби қоймас. Оның қазақ саясатына қайта оралатын анық.

Ал Аслан Мусин И.Тасмағамбетовпен екеуара саяси интриганың құрбаны болғанын білеміз. Бұл текетіресте екеуі де оңбады, екеуі де елшілікке жіберілген-ді. Кейін Назарбаев «тағыма отырып алмасын» деп екеуін де «зейнеткер» қылып, саяси амбициясының жолын кесіп тастағандай еді. Дегенмен, саясатта «зейнеткер» деген шартты нәрсе ғой. Әне, көріп тұрсыңдар, «зейнеткер» Иманғали Тасмағамбетов Путиннің қолдауымен ОДКБ-ның бас хатшысы қызметін атқарып, саяси платцдармда жүр. «Нұрсұлтанның бұлбұлы» деп аталатын телеграм каналдың аңысын аңдасақ, Тоқаев тағына көз сүзіп жүрген қауіпті кандидаттың бірі әрі бірегейі сол -И.Тасмағамбетов.

Мусин мен Рысқалевке президент Тоқаев туған нағашысындай көрінеді, одан келіп-кетер қауіп жоқ. Ал геосаяси жағдай бұдан бетер ушығып,.. апақ-сапақта Тасмағамбетов ел билігі тізгінін шап беріп ұстап алса, не болады?!. Ақтөбелік Аслан Мусин мен атыраулық Бергей Рысқалиевті осы проблема қатты мазалайды. Себебі мұндай сценарий бойынша олардың ұтылатыны да, жоғалтатыны да көп. Екеуінің бірігіп суретке түскені – «төрінен көрі жақын» Назарбаевқа емес, Тасмағамбетовке саяси сес көрсеткені ғой.

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 26.02.2024 199

Қатысты мазмұн